Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Талас ауданы Көктал ауылдық округінде ауыл жастарына арналған спорт зал құрылысы аяқталып, тұрғындарға тарту етілді, -деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталған спорт нысанында балалардың бокс, күрес түрлерімен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасалған. Көкталдағы көпшіліктің қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы келіп, жылы лебізін білдірді.
-Бұқаралық спорт-ұлт саулығының кепілі. Осы спорт нысанының қабырғасынан өңір абыройын асқақтататын талай спортшының түлеп ұшуына тілектеспін,-деді аудан басшысы. Одан бөлек салтанатты шарада ауыл тұрғыны Мархабат Әбдірашұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәйім Қойшыман Көкталдың көркеюіне үлесін қосқан азаматтарға алғысын білдірсе, Алпамыс Бақытұлы көпшілікті мерекелерімен құттықтады.
Жаңа спорт залда бокстан жасөспірімдер арасында ауданның ашық біріншілігінен алғашқы жарыс ұйымдастырылды.