Ағымдағы жылдың 24 желтоқсан күні «АRAI PLAZA» бизнес орталығының залында «Біз — еліміздің жарқын болашағымыз!» тақырыбында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жаңажылдық шырша өтеді, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасына 9-13 жас аралығындағы 200 бала қатысады. Оның 63-і жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, 68-і көп балалы отбасы балалары, 61-і аз қамтылған отбасы балалары және 8 мүгедек бала.
Шыршаға қатысатын әрбір балаға Қазақстан Республикасы Президенті атынан 100 мың теңгенің көлемінде жаңажылдық сыйлықтарға сертификат беріледі.
Сонымен қатар, 23 желтоқсан күні арнайы мәдени бағдарлама ұйымдастырылады. Бағдарлама шеңберінде балалар «Тараз-Арена» спорт кешенінде эстафеталық жарыстарға қатысып, облыстық драма театрының әртістері дайындаған жаңажылдық қойылымды көріп, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешеніне экскурсия жасайды.