Жуалы ауданы Қаратас ауылында көптен күткен қуаныш орын алды. Тұрғындардың талап-тілегі мақұлданып, үстіміздегі жылы ауылда бес келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы басталған болатын. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, -деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ауыл тұрғындарына енді алғашқы көмек осы медициналық пунктте көрсетілетін болады. Бір мезетте бес келушіні қабылдауға арналған нысанда барлық жағдай жасалған.
Медициналық пункттің ашылу салтанатына аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков, медицина қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
— «Денсаулық – зор байлық» дейді дана халқымыз. Ең бірінші адамның денсаулығы жақсы болуы керек. Ол үшін ақ халатты абзал жандар аянбай еңбек етеді деген сенім мол. Осы ретте тұрғындардың денсаулығының жақсаруына септігін тигізу мақсатында үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сегіз ауылда медициналық пункттің құрылысы жүргізілген еді. Типтік денсаулық сақтау нысандары ауыл тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Міне, бүгін тәуелсіздіктің ақ таңы атқан күні қуаныштың үстіне қуаныш қосылуда. Мерекелеріңіз құтты болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, — деді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Әбілқасымұлы.
Одан соң Күреңбел ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышбаев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың есептік жиынына қатысып, көпшіліктің тілегін жеткізгенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындардың ұсынысына бей-жай қарамай, қуаныш сыйлағанына ризашылығын білдіріп, аталық ақ тілегін жеткізді.
Жаңа медициналық пункттің лентасын аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков пен ауыл ақсақалы Алтынбек Әбзелұлы қиды. Ғимараттың кілтін мердігер Берік Ерденов фельдшер Динара Сәрсенқызына салтанатты түрде тапсырып, жұмысына сәттілік тіледі.