Жамбыл облысында 2016-2018 жылдары салынған 74 нысанның әлі күнге дейін құжаттары рәсімделмеген. Оның 30-ы Тараз қаласында болса, Қордай ауданында 11, Сарысу ауданында 7 нысан бар. Сондай-ақ облыс орталығынан бой көтерген жаңа үйлердегі 580 пәтер өз иелерін әлі таппаған. Осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп жазады «Zhambylnews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесте коммуналдық меншікті тиімді басқару мен иелік етуге байланысты мәселелер қаралды. Онда саладағы жұмыстар мен кемшіліктер атап өтілді.
Өзекті мәселелердің бірі «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-не қатысты. Өткен жылдан бастап аталған кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендерге шығарылған. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты тендер өтпеді деп танылған. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, егер объект сатылмаса, ол жойылуға жатады. Бұл жергілікті билікті қанғатандырмайтындығы айтылды.
— Біз қаланы абаттандыруға маманданған кәсіпорынсыз қалдыра алмаймыз. Бұл орайда дұрыс шешім қабылдау маңызды. Мен сіздерден осы мәселе бойынша ұсыныстарыңызды күтемін, — деді Бердібек Сапарбаев өз орынбасарларына.
Сонымен қатар, облыс әкімі коммуналдық мүлікке иелік ету қызметі бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтты. Ескертулердің бірі мемлекеттік қаражатқа салынған жаңа нысандардың құжаттарын рәсімдеуге қатысты болды. Облыс бойынша 2016-2018 жылдары салынған 74 нысанның әлі күнге дейін құжаттары рәсімделмеген. Жергілікті тұрғындар үшін пайдалануға болатын бос бөлмелері бар нысандар мен ғимараттар да кездеседі. Ал, Тараз қаласында жаңа үйлердегі 580 пәтер өз иелерін әлі таппаған.
— Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар шешуі керек, ал қаржы басқармасы құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруі керек. Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану керек, ол айналымда болуы тиіс, — деді Б.Сапарбаев.
Жиында ғимараттар мен үй-жайларды жалға беруге қатысты мәселелер де қозғалды. Бұл тұрғыдағы көптеген кемшіліктер бар десек, оларды жою бойынша тиісті салалық ведомстволар жұмыс істеуі керек. Қазынаға қаржы қалай құйылады? Инвестициялық міндеттемелер қалай орындалады? Осы және басқа да мәселелерді қаржы басқармасы үнемі қадағалап отыруы қажет. Басқарушы компаниялардың міндеттемелерінің орындалуы туралы уақытылы тыңдаулар өткізіп отыру керектігін атап өтті облыс әкімі.