Жамбыл облысында «Үздік ғылыми жоба-2020» республикалық байқауы өтті

0 14

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Ғылым таппай мақтанба…» тақырыбында «Үздік ғылыми жоба-2020» VІ Республикалық байқауы онлайн түрде өткізді. Шара-«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру  аясында Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.

Білім додасының үздіктері ректор грантын иелену және оқу ақысына 100, 75, 50, 25 пайыз жеңілдігін  жеңіп алу мүмкіндігіне ие болады.

Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларының оқушылары қатысты. Аталмыш білім додасын университеттің Жас ғалымдар кеңесі мен «Университеттік технологиялық бизнес-инкубатор» корпоративтік қоры,  «Мұнай, газ және механика» факультеті ұйымдастырды.

 Байқауды университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков ашып,  байқаудың мақсаты мен маңыздылығына тоқталып өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқаудың негізгі мақсаты- оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарын ынталандыру, ой еңбегінің беделін арттыру, ең талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеу, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін көтеру. Биыл елде орнаған төтенше жағдайға байланысты білім сайысының форматы жылдағыдан өзгеше болды. Дегенмен, бақтарын сынап, жеңімпаз атануға көп жас ниетті екенін көрсетіп, аса белсенді болды.

Алғашқы байқау 7-11 сынып оқушылары үшін 2015 жылы өткізілген. 2016 жылдан бастап 11-сынып оқушылары үшін ректор гранты мен 100, 75, 50 , 25 пайыздық жеңілдіктер тағайындалды. Биылғы жылы осы жеңілдіктерді алған оқушылар университет қабырғасын тәмамдап отыр.

Ұйымдастыру комитеті ұстаздардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып байқауға 1-6 сыныптардың да оқушыларын қатыстырды. Бұл мектеп оқушыларының ғылымға деген құлшынысын, ұстаздардың тынымсыз еңбегін байқатты.

Биыл 11-сынып оқушылары арасында жеңімпаздарға екі бағыт бойынша, яғни гуманитарлық және  жаратылыстану-техникалық бағыттар бойынша университетімізде оқу үшін оқу ақысына 100, 75, 50, 25 пайыздық жеңілдіктер тағайындлды.
Жалпы 45 жоба іріктеу кезеңіне қатыстырылды. Жас ғалымдар «Экономика және құқықтану», «Тарих және география», «Филология», «Математика және информатика», «Химия, биология және экология», «Техника және технология», «Физика және астрономия» бағыттары бойынша ғылыми жобаларын ұсынды.

Iріктеу кезеңінде ғылым докторлары мен кандидаттарынан, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерінен құралған комиссия оқушылардың ғылыми жобаларына баға берді. Ғалымдар жас зерттеушілерге өздерінің кеңестерін беріп, жобаларын ары қарай дамытуда оңтайлы ұсыныстарын беруге дайын екенін көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.