Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері мен бюджеттің орындалу мәселелері қаралған селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев экономика өсімінің қосымша көздерін құруды тапсырды,-деп жазады «Zhambylnews»АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың баяндамасына сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,3%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 101%, құрылыс жұмыстары 112% деңгейінде күтілуде. Сондай-ақ, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 187 мың шаршы метрді құрайды деп болжануда.
Бұдан соң қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева баяндама жасады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларындағы бюджеттің игерілуі 99,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл орайда артта қалғандар қатарында Шу, Жуалы, Сарысу, Талас, Меркі, Байзақ, Рысқұлов аудандары және Тараз қаласы бар.
Бердібек Сапарбаев қаржы басқармасына бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен тығыз жұмыс істеуді, бюджеттің игерілу барысын бақылауды тапсырды.
Аудан және облыс орталығының әкімері алты айдың қорытындысы бойынша жоспарың орындалатынына сендірді.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлібек Зикеевтің айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесінде қосымша түсімдер артқан. Бұл қазіргідей экономикалық күрделі жағдайда туындаған шығындардың орнын толтыруға ықпал етпек.
— Бүгінгі таңда облыстың бюджеттік әлеуетін тиімді пайдалану өте маңызды. Аймақтағы бюджеттік бағдарламалар жүз пайызға орындалуы керек. Экономикалық өсудің қосымша көздерін құру үшін химия өнеркәсібінің, өңдеу, ауылшаруашылық, құрылыс, баламалы энергетика салаларының мүмкіндіктерін пайдалану қажет, — деді аймақ басшысы.
Аппараттық кеңесте әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер де талқыланды. Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек 9560 отбасына тағайындалған. Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған 300 мыңға жуық жамбылдыққа жалпы сомасы 12,7 миллиард теңгеге әлеуметтік төлемдер төленген.