Білім басқармасының ұйымдастыруымен Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығында домбыра күніне арналған «Домбыра – дастан» акциясы өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Акцияның басты мақсаты жастардың ой ұшқырлығын шыңдап, ата бабадан кәсіп болған домбыраға қызғушылық сезімін ояту, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыру болды.
Аталған шараға орталықтың өнерлі жастары белсене қатысты. Ұлттық аспаптарда домбыра шеберлері əн-күйден шашу шашса, бишілер мың бұрала би билеп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында көрермендерге қазақ халқының жан серігі – домбыра туралы бірқатар сұрақтар қойылып, орталық тәрбиеленушілерінің ұлттық аспап туралы танымын арттырды.
Киелі домбыраны қайта жаңғыртуға бағытталған мерекенің орталық оқушыларына және көрермендерге берері мол болды. Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сана қалыптастырып, өнерге баулуға, атадан балаға мирас болған өнерді насихаттап, құрметтеуге бағытталған акция алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарлануда.