«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Балабек Нарбаев ерекше есімді тараздық үшемдердің отбасына арнайы барды. Бөбектерге тарту жасап, ақжарма тілек арнады, — деп хабарлайды «ZhambylNews” АА партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Үшемдер үлкен азамат болып, үміттерді ақтасын! Бүгін осындай тілек айтып, тараздық үшемге тарту жасап қайттым. Үш батырға – үш балалар арбасы. Отбасына азық-түлік қорабын сыйладық. Партия Жамбыл облыстық филиалының Төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осындай отбасыларға, басқа да балаларға бас-көз болуды берік тапсырған болатын. Сондықтан сәби сүйген отбасының өтініші партияға келіп түсті. Бірден барып қайтуға бел будым. Қақаған қаңтар айында жанұясын жадыратып, жарық дүние есігін ашқан томпақтар тараздық тарландар болсын! Еліміздің ертеңі болар ерге, ат үстіндегі азаматқа айналсын! Самұратбаевтар әулеті сәбилеріне Нұриман, Нариман және Нұрислам деп ерекше есім қойған екен. Балапандарды аттарына заты сай болып, задасы үйлесіп, заңғар тұлға болсын деп басымнан биікке бір көтеріп, ырымдадым. Балапандар – батырларға, бастысы азаматқа айналады деп сенемін. Үшемнің нағашы атасының да ақ батасын алып, алғысына бөлендік. Жігіттің жақсысы нағашыдан емес пе! Ары қарай айтар сөзіме ресми реңк бере жазар болсам бұл – жақсы отбасы жасауға арналған жоба. Білесіздер бізде «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бар. Партиялық жобаның мақсаты: қазақстандық отбасылар мен балалардың жағдайын жақсарту. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарымызды да ауқымды. Мақтанды демеңіз, елге есеп түрінде егжей-тегжейлі түсіндіргенім жөн болар. Жобаның тиімділігін арттыру жолында партия «проблемалық отбасылар мүшелерінің, ең алдымен сондағы балалардың мәселелерін май шаммен қарап, шешілуіне шарапатын тигізуде. Сондай-ақ жетім балалардың, ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектерінің толайым мәселелері қалтарыста қалмақ емес.
Оларға практикалық көмек көрсетуге бағытталған мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күш-жігерлерін біріктіруге бұл жоба көп көмек көрсетіп келеді. «Бақытты отбасы» партиялық жобасын Жамбыл жерінде жүзеге асыру бойынша жыл басында «2020-2021 жылдарға арналған жол картасын» бекіттік. Соған сай бүгінгі күнге «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, ана мен балаға көп көмегі тиюде. Сонымен қатар, осы жоба аясында «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы 30 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетіп, қиын кезеңдерде қолтықтан демеп, қолдау білдірді. Туғандарына төрт ай толған үшемдердің денсаулығы мықты болып, ата-анасын қуанта берсін! Тіл-көзден аулақ болсын. Әр үйде баланың былдыры, сәбидің сыңғыры көбейсін! Осы балақайларға айтқан сіздердің де ақ тілектеріңіз орындалсын! — деді партия төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев.