Жуалы ауданы Ақтөбе ауылының  тұрғындары пилоттық жобаның тиімділігін көруде

0 3

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы іс жүзінде. Пилоттық жобаны іске асыру үшін он ауданнан 11 ауылдық округ таңдалған болатын. Ең төменгі екі жарым пайызбен несиеге қол жеткізген тұрғындардың бірі мал шаруашылығын дамытуды қолға алса, тағы бірі үй іргесіндегі жерінен пайда табуды көздеп отыр. Мәселен, қазір Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіндегі 110 отбасы қаржыға қол жеткізді,-деп жазады  «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Тыңға түрен салып, еліміз бойынша ең бірінші Әулиеата өңірінде қолға алынған жобаға қатысқысы келетіндердің қатары күн санап артып келеді. Бұл жобаны ауылдықтар алғаш естігенде сенер-сенбесін білмей, таңғалғандары да рас. Өйткені бұған дейін мұндай жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен несиені еліміздегі бірде-бір банк қызметі ұсынып көрмеген. Оның үстіне, қолына тиген несиені араға бір жыл салып барып төлеу мүмкіндігі де бар. Қанатқақты жобаның нәтижесін алғаш болып көрген Ақтөбе округіне қарасты Жаңаталап ауылының тұрғыны Қайырғазы Әбдікерімов. Ол 5 млн теңге ге 10 жылқы мен 25 қой сатып алды. Жылқының сүтін сатып пұл қылам, қойды төлдетіп қора-қора мал қылам деп отыр.

-Өзімде екі бие бар. Жыл сайын сауып, маусымдық кезеңде қымыз сатамыз. 1 литрі 500 теңгеден, күніне 10 -12 литр сусын дайындалады. Бұл біз сияқты ауыл тұрғындары үшін нан пұлымызды ажыратуға жетеді.  Ауылымыздың пилоттық жобаға енгеніне өте қуаныштымын. Бұл үлкен көмек болды. Қазір қойлардың бәрі төлдеп қойған. Жылқыларымды бір айдан соң сауынға қоймақпын,- дейді  Қайырғазы

 Ал, осы ауылдың тұрғыны Сержан Абдуалиев бұған дейін де, ірі болмаса да мал шаруашылығымен айналысып келген. Сиыр сауып, сүт өткізетін. Енді жеңілдетілген несиеге тағы да сиыр алды.

-8 сиырым бар. Жолдасым сауып, сүтін сыр зауытына өткіземіз. Ауылдан келіп екі мезгіл жинап әкетеді. Пилоттық жобаның арқасында 3 млн теңгеге қол жеткізіп, сиырлар сатып алдым. Сүті пұл болса, төлін өсіріп, мал басын арттырамын. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі осындай кәсіппен айналысады,-деп пікір білдірді Сержан Абдуалиев.

Жалпы Ақтөбе ауылдық округінде 494 түтін бар. Оның 444 –і жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастауға ықылас танытқан. Оның басым бөлігі мал шаруашылығын қолайлы деп санап, 110 жанұяға осы бағытта несие рәсімделген. Әрине, ауылдағы ағайынның ісі оңынан туса тұрмыс жағдайы жақсарып, өңір экономикасының да алға басары анық.   Осындай кәсіпкер атанған ауыл тұрғындарына жәрдем көрсету үшін ауылшаруашылық кооперативтер құрылған. Қазір өз ісін бастаған жұрт осы кооперативтердің құрамында. Лизинг арқылы су жаңа техника алған «Атамекен-бастау» ұйымы ауылдықтарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.