Таразда 300 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады

0 10

Таразда 300 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады, — деп хабарлайды   «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.



Облыс орталығы Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Шаһарда қазір «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезеңі іске асырылуда. Дәл осы маңнан 300 мертлік субұрқақ іске қосылмақшы. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

▫Аймақ басшысы алдымен «Март» сауда және ойын-сауық орталығының жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезеңінің құрылыс басына барды.

▫Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырмақ. Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Сегіз түрлі ағаштың 160-тан астам көшеті отырғызылып, жарықтандырылу жүргізіліп, орындықтар мен беседкалар орнатылмақ. 18 мың шаршы метрге өрнектастар төселеді деп жоспарланған. Мұндағы жұмысқа барлығы 50 адам тартылған десек, олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.

▫Мердігер ұйымның директоры Еркебұлан Егізбаевтың айтуынша, нысанды мерзімінен бұрын, яғни, келесі айдың аяғына дейін тапсыру көзделуде екен. Бүгінгі таңда жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталып үлгерілген. Жаяу жүргіншілер аллеясының жанында сауда павильондарын салу жоспарланған. Бюджеттен тыс қаражаттар есебінен өткен ғасырдың басында салынған «Әулие-Ата» мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «ATHLETIC» көпфункционалды спорт кешенінде болды. Кешеннің барлық бөлмелері Қазақстанның ұлттық құрамаларының оқу-жаттығу жиындарын, әртүрлі спорт түрлері бойынша жарыстарды табысты өткізу үшін спорт құралдар мен құрал-саймандарының толық жиынтығымен жабдықталған.

Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін барлық бөлмелер автономды жылыту, ыстық және салқын сумен қамтылған. Душ, киім ауыстарын, жуынатын бөлмелері бар.

Мұнда футбол, волейбол, бокс, күрестің барлық түрлері, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика, армрестлинг және т.б. спорт түрлері бойынша жаттығуға болады. Бердібек Сапарбаев спорт кешенінің материалдық-техникалық базасына жоғары бағасын беріп, Жамбыл және басқа облыстардан келген спортшылар мұнда оқу-жаттығу жиындарын ойдағыдай өткізе алатынын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.