Еліміздің ең қастерлі, мерейлі мерекесі –Рәміздер күнінде тараздық 90 отбасы баспаналы болды. Арай 2 шағын ауданында бой көтерген 45 пәтерлі екі көпқабатты үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті, -деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Мереке сайын су жаңа тұрғын үйлерді ел игіліне беру Таразда дәстүрге айналды . Бүгінгі Рәміздер күнінде де бұл үрдіс жалғасын тауып, Арай шағын ауданынан берілген мына екі көппәтерлі үй тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін еселей түсті. Жаңа баспаналардың кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті:
Біздің елде қол жетімді баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам тараздық жаңа қоныс тойын тойласа, биыл облыс орталығын 50-ден астам көп пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа «5-10-20» бағдарламасы да мыңдаған отбасыларға баспана алуға мүмкіндік бермек. Мемлекеттік рәміздер күнімен қатар келген қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін, — деді облыс әкімі.
«Арай» мөлтек ауданындағы бұл тұрғын үй құрылысын «Бином» ЖШС-гі жүргізген, 90 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй екі бөлмелі пәтерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Үй кезегінде көп жылдан бері тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға беріледі.
-Бұл, аймақта атқарылған нәтижелі істердің бірі деп санаймын. Барлық ауған соғысының ардагерлерінің атынан алғысым шексіз. Пәтер кезегінде 10 жылдан астам тұрдым. Бүгін көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік,-дейді ауған соғысының ардагері Берік Торғайбеков.
«Нұрлы Жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларының арқасында өткен жылы қалада 1947 отбасы пәтер алды, оның 647-і көп балалы отбасылар. Халықтың ең өзекті саналатын мәселесі – баспанамен қамту бойынша 2019 жылы 73 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 15% артық.
Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 18647 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 1914-і көпбалалы отбасылар болса, 8928-і әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар. Айта кетейік, ағымдағы жылы Тараз қаласында 54 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Осылайша, 3025 отбасын жеке баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылар санатындағы 1100 отбасы бар. Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 18,6 мың адам тұрғын үй кезегінде тіркелген.