Жамбыл облысындағы 5 тарихи-мәдени нысандары қайта жаңғыртылады

0 35

Биыл Жамбыл облысында Айша-бибі, Қарахан, Бабажа-Хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектурмас этно-тарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысандарын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысының туризмі — өңіраралық жеке шекара ынтымақтастығы саласында үлкен әлеуетке ие. Сондықтан да бұл саланы дамытуда бар мүмкіндіктер қарастырылуда. Межеленген міндеттердің қатарында ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілетін келушілер санын арттыру алдыңғы орында. Одан бөлек туризмді дамыту бағытында сырттан келетін туристер санын көбейту және туристерге ұсынылған қонақ үйлер мен сервистік қызмет сапасын арттыру қажет.

-«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойындағы сервистік нысандарға көңіл бөлу керек. Осыған дейін 8 нысанның құрылысы жоспарланғанымен, Байзақ ауданында ғана бір нысан салынды. Оның екеуі Меркі, екеуі қордай аудандарында,-деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Аймақта туризмді дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары түзілуде. Оған сәйкес бес тілде аудио және бейне-гидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасын жетілдіру жалғасады. Онда бар 37 туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ, жақында «Әулиеата» әуежайына Тараз туралы толық ақпараты беретін smart-дүңгіршектер орнатылмақ.

Бұдан бөлек, биыл Айша-бибі, Қарахан, Бабажа-Хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектурмас этно-тарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысанда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этно-ауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады. Жиында ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков ЖОО-мен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Ал «Золотой караван» Тараз туристік орталығының директоры Альбина Ваймер көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы арасында әуе рейстер ашуды ұсынды. Балалар туризмі назардан тыс қалып отырғандығы да айтылды. Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының мыңжылдықтар тоғысындағы шаһар екенін бәріне көрсететін өзіндік бренді керек екенін атап өтті. Жиын соңында аймақ басшысы білім басқармасына арнайы кесте түзіп, ауыл оқушылары үшін Тараз қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастыруды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.