Шулық дихандар әр гектардан 25 центнерден астық жинауда

0 2

Шу ауданының дихандары әр гектардан 18-25 центнерден астық жинауда. Қазір дала төсінде жұмыс қызып арпа-бидай орылуда,-деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақсу ауылындағы «Өтеуіл» шаруа 450 гектар жерге арпа және дәл осындай аумаққа күздік бидай сепкен. Бүгінде қожалық дәнді дақылдарға орақ түсіре бастаған десек, бидайдың орташа шығымы гектарына 23-25 центнерден, жаздық арпа 18-20 центнерден айналуда.

Шаруашылықта өз қаражатына сатып алынған алты трактор, екі комбайн және басқа да қажетті техникалар бар. Он адам тұрақты негізде жұмыспен қамтылған, қосымша тағы 15 адам далалық жұмыстарға тартылуда.

-Жұмысшылардың барлығы ауыл тұрғындары. Еңбекақылары да жаман емес. Қосымша сұраныстарына қарай арпа, бидай, жем, шөп береміз. Алықтары 100-150 мың теңге аралығында,-дейді шаруа қожалығының басшысы Шамиль Сәрсенбаев.
Қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Атап айтқанда, онда жылқы, ірі қара малы, сонымен қатар қой өсірілуде. Шаруашылықтың бордақылау алаңында жыл сайын 30 шақты ірі қара малы байланып, өнімдер Меркі ауданына өткеріледі. Сүт өнімдері мен қымыз да жеткілікті деңгейде.

— Әр ауылда күніне екі тоннаға дейін сүт қабылданады. Өкінішке орай, аймақтағы жалғыз сүт өңдеу кәсіпорны «Айшот» ЖШС-і де өз жұмысын тоқтатып қойды. Жақын арада бұл мселе өз шешімін табады,-дейді аудан әкімі Нұржан Кәлендеров.
Ақсу ауылында егін егіп, шаруасын дөңгелетіп отырған тағы бір шаруашылық «Бәрмен» ЖШС. Он жылдан бері ауыл шаруашылығының түрлі саласында тыным таппай, еңбек етіп жүрген Асхат Айтқожаев – білікті кәсіпкер. Қожалық негізінен егін егу, ору, жинау және оны тасымалдаумен айналысады.
Қазіргі таңда бұл шаруа қожалықтың жеке меншігінде барлығы 10 арнайы техника бар. Атап айтқанда, 2 комбайн, заманауи үлгідегі 2 «Беларусь» трактор, тіркемелері бар «Камаз» және «Зил» жүк көліктері, жер жыртуға арналған соқа және шөпті түктейтін престер.

-Қазір жұмысшылар да, техникалар да егін ору науқанында. Көктемде ғана Шымкент, Тараз қалаларынан заманауи үлгідегі техникалар алдық. Бұл техникаларды алу үшін үкіметтен арнайы бағдарламамен оқу курсынан өтіп, несие алуға тура келді. Үкімет ұсынған несиелерде шаруалар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, оның жылдық пайызы банктер беретін несиелерге қарағанда әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, несиені алу үшін де үкімет бар жағдайды жасаған. Несиені берер алдында оны тиімді пайдалану үшін кәсіпкерлікке баулитын курстардан тегін өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, егін егіп, шаруашылықпен айналысамын деген адамға үкімет тарапынан қолдау бар. Бастысы, қол қусырып қарап отырмай, талпыну керек,- дейді А.Айтқожаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.