Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Жиынға облыс әкімі, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада тәуелсіздік алғалы жамбылдықтардың жеткен жетістіктері, өңірдің дамуы мен ағымдағы жылдағы атқарылған жұмыстар жайында арнайы фильм көрсетілді.
Бұдан кейін, аймақ басшысы сөз алып, жамбылдықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.
— Осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын Қазақстан деген мемлекет пайда болды. Бүкіл дүние жүзі елімізді мойындады. Қазірде көк туымыз көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарда желбірейді. Осы жылдар аралығында еліміздің жеткен жетістіктерінің бірі ынтымақтық, татулық, бірлік, достық. Соның арқасында еліміз тұрақты өмір сүріп келеді. Өткен өмірден жақсы білесіздер, қаншама қиындықтар мен дағдарыстар болса да, жалақы тоқтамады, елімізде қазақстандықтардың тұрмысы жақсарды. Елбасымыз бізге бірінші — экономика керек, содан кейін барып — саясат деген. Соның бір дәлелі дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Ендігі мақсат дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Еліміздің экономикасын дамытып, халқымыздың тұрмысын жақсарту, — дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі экономикамыздың дамуына үлес қосып жүрген сан салада қызмет жасап, елге еңбегі сіңген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық, «Еңбек даңқы» ордендерін табыстады.
Ал, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы, сондай-ақ, пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін бірқатар азаматтар ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Салтанатты шарада «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы адамға 5 берілді. Атақ алған азаматтар тізімінде Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Асқар Мырзахметов те болды.
Бұған қоса, жиында ауылдар арасындағы байқаудың жеңімпазы да марапатталды. Айта кетсек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта алғаш рет «Үлгілі ауыл» байқауы жарияланып, 10 ауданнан 13 ауыл сынға түскен еді. Байқауда екі бағыт: рухани құндылықтардың сақталуы мен инфрақұрылымның дамуы сарапқа салынды. Ауылдарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыздық және қылмыс деңгейінің төмен болуы, дүкендерде ішімдіктің сатылмауы, азаматтардың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, ауылдың тазалығы басты талаптардың бірі болды. Комиссияның шешімімен байқауға қатысқан 13 ауылдан 7 ауыл жүлдегер болды. «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы болып Қордай ауданының Кенен ауылы атанды.