«Kcell»-ге кеңістік, «Activ»-ке ауа жоқ

0 16

Қазіргі таңда шекара белдеуіне жақын орналасқан елді мекендердің көпшілігінде отандық байланыс операторлары жоқтың қасы. Мәселен, Жуалыдағы Көксайға, Меркідегі Аспараға, Т.Рысқұловтағы Каменка шатқалдарына бара қалсаңыз «Kcell»-ге кеңістік, «Activ»-ке ауа жоқ. Маңайында қанша елді мекендер тұрғанымен онда телефоның тұншығып, тілсіз қалады. Бір қызығы шатқалдан шыға қалсаң болды, Қырғыз мемлекетінің байланысы «Ассалаумағалейкум» дегендей «Қырғыз мемлекетіне қош келдіңіз!» деп құшағын айқара ашып қарсы алады. Осыдан кейін «бірлігімді жеп қоймасын» деп ұялы телефоныңды сөндіре қоясың. Тауға шығып қайтқан жолаушы шекара аспай-ақ шетелге шығып қайтқандай күй кешері анық.

Мойынқұмдағы құмда мал бағып отырған қыстауларда ұялы байланыс тіптен жоқ

Мойынқұм өлкесінің табиғаты көркем болғанымен ондағы ұялы телефон байланысы өзге аудандарға қарағанда әлде қайда төмен. Құмда мал бағып отырған қыстауларда ұялы байланыс тіптен жоқ. Мұнда әрбір ауданға тиесілі жүздеген гектар жайылымдары бар. Ал мал қыстауларында есеп жоқ. Бір сөзбен айтқанда құмда отырған малшы қауым өркениеттен алыс жатыр.

Біздің күнделікті қолданып жүрге «Beeline», «Aсtiv», «Altel», «Теlе-2», «Kcell» ұялы байланысы ондағы малшы үшін арман. Орталықпен байланысқа шығу үшін ондаған шақырымды басып, мұнарасы бар елді мекенге шығуы керек. Ал енді шұғыл шаруасы шығып қалса, биік белдерге шығып, әуе толқынын ұстап, туыстарына әзер хабарласады. Онда да әуе толқынын ұстай алса.

Кеңес одағы дәуірлеп тұрған тұста Жамбыл ауданына тиесілі барлық мал қыстауларында телефон байланыс болыпты. Қазір оның бірі де жоқ. Бірақ бір таң қаларлығы, мұнда да Қырғыз Республикасының әуе толқыны жұмыс істеп тұр. Қойшылар ара тұра көрші елдің байланысын пайдаланады. Дегенмен оның шығыны көп. Ол туысыңмен «аман-саулық сұрасқанша» 1000 бірлігіңді жеп қояды. Үш-төрт минутқа 3000-5000 бірлік кетіп қалады екен. Үкімет көтеріп жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының әлі де болса шалғайда орналасқан ауылдар мен қыстауларға жетпей жатқаны ащы да болса шындық.

«Адам болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайсың ғой. Өткенде бір малшының әйелі толғатып, бір қойшы соқыршек болып қалып, екеуін 90 шақырымдағы дәрігерлік амбулаторияға трактормен апардық байланыс болмаған соң. Мұндай жағдайлар құмда жиі болмаса да, қыс айларында осындайда байланыстың жоқтығынан қиналып қаламыз. Адасқанда, жолда қалып қойғанда, ұры түскенде тиісті органдарға хабар бере алмай пүшайман күй кешеміз» дейді Берік есімді малшы. «Қырғыз елінің байланысы біздің құмды өңірімізде ұстап тұр. Ал оларға қарағанда экономикасы жоғары Қазақстанның ұялы байланысының бүгінгі жағдайы мынау. Мұны қалай түсінуге болады?» — дейді шаруа адам.

Мойынқұмдық малшылардың 30 пайызында ғана байланыс бар

«Ұялы байланыс Мойынқұм ауданындағы қыстауларда отырған малшылардың 30 пайызында ғана бар» дейді Мойынқұм аудандық орман қоры мекемесінің басшысы Бәкір Исабеков.

Құмның ортасында отырғандарында байланыс жоқ десе де болады. Көпшілігі ауданды айнала қоршап жатқан Меркі, Шу, Жамбыл, Байзақ сияқты аудандарға жақын орналасқан аймақтарды 20-25 километр аралықта ұялы байланыс ұстайды. Ал ол аймақтан алыстау жатқан мал қыстауларында малшылардың 70 пайызы бұл өркенниеттен алыс жатыр.

«Құмөзек деген ауылға ұялы байланыс мұнарасын орнатты. Оны ауыл жігіттері жабылып жатып бес метрге көтеріп еді, маңайдағы тағы төрт-бес елдімекен ұялы байланысқа қосылды. Құмда отырған барлық ауылдар мен қыстақтарды ұялы байланыс желісіне қосу үшін әрбір 20-30 километр сайын мұнара орнату қажет. Сонымен бірге ол жерге күннен қуат алатын электр панелдерін орнатып, мұнаралар қоятын болса, мұндай мәселе мойынқұм өңірінде шешілген болар еді», — дейді ол.

Әңгіме барысында ол «Менің бір таң қалатыным, құмды өлкенің өзінде Қырғыз елінің ұялы байланысы ұстап тұр. Біздің ұялы байланыс операторларының құрал жабдықтары олардыкінен төмен болғаны ма? Мен осыны түсіне алмай-ақ қойдым» деді Бәкір Исабеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.