Байзақтықтар 1400 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастыруда

0 1

Биыл Байзақ ауданында қант қызылшасын 1400 гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда аудан диқандары ұжымдасып, балтамыр дәнін себу үстінде. Мәселен, Сеңкібай ауылында тоқсанға жуық шаруа қожалық болатын болса, соның 20-сы «Сеңкібай Агро» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп, 300 гектар егістікті бірлесе игеруде, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Кооператив төрағасы Мадияр Әмзеевтың айтуынша, ұжымдасып жұмыс істеу соңғы үш жылда өз нәтижесін көрсеткен.

— Оның тиімділігін түсінген өзге шаруалар бізге қосылуда. Сеңкібай ауылында тоқсанға жуық шаруа қожалық болатын болса, соның 20-сы бізге мүше болды. Олардың егістік жер көлемі де әртүрлі. Біреуінде 6 гектар болса, ендігісінде 3-ақ гектар. Алды 70 гектарға дейін барады. Көпшілігінде техника атымен жоқ. Сырттан техника жалдайтын болсақ, ол айналдырған үш гектарға дән себу үшін келмейді. Ал ұжымдасып істеген жұмыста береке бар. Соны көріп сезінген халық бізге қосылып жатыр, — дейді Ол.

Кооператив құрамындағы шаруа қожалықтар өткен жылы 50 гектарға балтамыр сеуіп, одан гектарына 700 центнерден өнім жинапты. Биыл егіс көлемін 150 гектарға жеткізбек. Қазіргі таңда диқандар 80 гектарға тәтті түбір дәнін сеуіп үлгерген. Тұқымды келісім-шартпен «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-нан алыпты. Өзге егістіктеріне бидай-арпа сепкен. Жоңышқалықтары да бар.

Бүгінгі таңда кооператив лизинг жүйесімен техника алуға құжаттарын жинастыруда. Сәтін салса, трактор және жаңбырлатып суару қондырғыларына тапсырыс беріп қойыпты.

Кооператив мүшесі Баймахан Ешмұратов өзі басқарған «Баймахан» шаруа қожалығының 37,5 гектар егістік жерімен кооперативтің құрамына қосылған.

— Ұжымдасып жұмыс істеу, жерді тиімді игеруге жол ашып отыр. Жылда егерде, жинарда бірігіп жұмыс істейміз. Жалпы ауыл тұрғындары бір ұжымға бірігуге қарсы емес. Техникамыз болмағаннан кейін осындай қадамға бардық. Техника алайын десек, кепілге қояр затымыз жоқ. Кепіліміз болмаған соң техника ала алмай отырмыз. Сондықтан да түк істемегеннен көрі осылай бірігіп жұмыс істеген абзалырақ екенін ұқтық, — дейді Баймахан.

Ал «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрғали Әміров ұжымға 73 гектар егістік жерімен кірген. Оның 10 гектарына алма бауын салыпты.

«Біз судан тапшылық көрудеміз. Су болса жер ана ризықсыз қалдырмайды. Қазір каналды бетондап жатыр. Суды ертерек берсе жақсы болар еді», — дейді ол.

Нұрғали жеміс бағын суару үшін жаңбырлатып суару қондырғысының екі данасына тапсырыс беріп қойыпты.

Осы ұжымға қосылған «Кеңес» шаруа қожалығы «Беларусь-952» маркалы тракторын «Құлан дән» несие серіктестігі арқылы лизинкке, ал қант қызылшасын сепкіш тіркемені Туркиядан өз қаражатына сатып алыпты. Қазіргі таңда бұл техникалар жаңа құрылған кооперативтің қажетіне жарап-ақ тұр.

— Алда жоспар көп. Техника алу үшін жүгіріп жатырмыз. Сонымен бірге шаруашылыққа тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын енгізуге әрекет етудеміз. Өйтпесек көп өнім ала алмаймыз. Қазірге ұжымдасып жұмыс істеп жатқанымыз болмаса, заң аясында бәрін біріктіру қиын. Кооператив аяғынан бір тұрып алса, жұмысымыз жанданып кетеді деген ойдамын, — дейді кооператив төрағасы Мадияр Әмзеев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.