Қордай ауданындағы ғылыми институт отандық вакцинаны шығаруға дайын

0 14

Қордай ауданының Гвардейск қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында дайындалған вакцина Тараз бен Алматы қалаларындағы емдеу орталықтарында сынақтан өтіп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі рұқсатын берсе алдағы айда алғашқы отандық вакцинаның 50 мың дозасы шығарылады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Былтырдан бері халық көзге көрінбейтін індетпен айқасып келеді. Отандық ғалымдар бұл індеттің алдын алу үшін Қордай ауданының Гвардейск қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты өз вакцинамызды жасап, сынақтардан сәтті өткізуде.

Жаңа зауыттың құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сегіз айда салынды. Кәсіпорында әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығару жоспарлануда. Жылдық өндіріс көлемі 30-60 миллион доза биологиялық өнімді құрайды.

Институт директорының орынбасары Ерғали Əбдраймовтың айтуынша, институт ғимараты 1958 жылы салынып, осы аймақтың биологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында құрылған.

Бұл биофармацевтикалық зауыттың Республикамызда баламасы жоқ.
Қазіргі таңда зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте зертханаға қажет құрал-жабдықтардың 95 пайызы жеткізілген. Ол құрал-жабдықтар Италия, Қытай, Германия, АҚШ, Ресей мен Голандия мемлекеттерінен тасымалданған. Сəуір айында ол құрал-жабдықтарды орналастыру жұмыстарын аяқтап, мамырда сынақтан өткізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, қосалқы нысандардың барлығы дайын. Бұл зауыттың бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 7 миллиард теңге қаралған. Оның құрылыс жұмыстарын «КА — Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде.

Жалпы зауыттың құрылыс жұмысын қазіргі əлемді шарпыған індетке қарамастан қысқа уақытта аяқтау мүмкін болып отыр. Өйткені бұл нысанның құрлысын аяқтау арқылы елдің індетке қарсы имунитетін қалыптастыратыны анық.

Ғалымдардың айтуынша, институт зертханасында дайындалған вакцина жаңа зауытта арнайы құтыларға құйылып, медициналық орталықтарға таратылатын болады.

— Мұндай қысқа мерзімде зауыт салу бізде ғана мүмкін болып отыр. Əйтпесе шетелде мұндай ғимаратты екі-үш жыл салады. Осы жобаны Жамбыл облысында жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Президентке, облыс əкіміне алғысымыз шексіз. Бұл зауыттың ауданы 650 шаршы метірді құрайды. Зауыт соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен, құрал-жабдықтармен қамтылған. Біз əлемге Қазақстан ғалымдарының да қолынан жаңалық ашу келетінін көрсеттік. Біздің ғалымдар екі айда вакцина жасап шығарды. Енді екінші вакцинаны жасап, сынақтан өткізгелі отырмыз, — дейді институт директорының орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.