Таразда 37 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде

0 0

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында облыстық басқармалар мен қалалық бөлім басшыларының, коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың жоспары ауқымды. Тозығы жеткен үш мектептің жаңа ғимараты бой көтерсе, тағы бір жаңа мектеп салу жоспарлануда. 37 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде, балалар алаңшасымен қамтылған 15 аула жөнделіп, Тастандиев көшесінен Майқы би көшесіне дейін, Ы. Дүкенұлы көшесінен Элеваторная көшесіне дейінгі су құбырлары қайта жаңғыртылуда десек, Көктем тұрғын алқабын газдандырудың екінші кезеңі басталған.  Қант зауыты ауданын да газбен қамту жұмыстары қолға алынбақ.

ТКШ саласындағы мәселелерді шешу жүйелі жұмыстарды талап етеді. Осыған көңіл бөлген қалалық әкімдік коммуналдық саланы дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлепті.

Ержан Жылқыбаев жұмыссыздықпен күрес шаралары туралы да тоқталып өтті. Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 3828 тараздық қамтылған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала басшысының есебін мұқият тыңдап, өзекті мәселелерге қатысты сауалдар жолдады.

— 455 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Мүмкіндігінше мұндай қайтарымсыз грантпен көп адамды қамту қажет. Бұл көпбалалы аналарға өз бизнесін бастауға тамаша мүмкіндік, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Тараз қаласының әкімдігіне бұған дейін облыс орталығын санитарлық тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылғандығын еске салды.

— Қаланың әр бөлігінде әлі де қоқыс үйінділері азаймай тұр, — деді аймақ басшысы.

Әлеуметтік желілерде күн сайын жергілікті атқарушы органға қатысты түрлі пікірлер жазылуда. Қала тұрғындары жасыл желектердің күтім мәселесін көптен бері көтеріп келеді.

— «Тектұрмас» кешенінің аумағындағы, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанында ағаштар қурап жатыр. Мен өзім барып, тексердім. Егер ешкім күтіп-баптамаса, оларды неге отырғыздық? — деп сұрады облыс әкімі.

Аймақ басшысы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге айтарлықтай қаражат бөлінгенін, бірақ нәтижесі көрінбейтінін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.