Таразда 5 инвестициялық жоба іске асырылып, 855 жаңа жұмыс орны ашылмақ

0 2

Шаһар аумағында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 13 үй салынуда. 2021-2022 жылдары қала билігі 10 миллиард 284 миллион теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыруға ниетті, ол бойынша 855 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың облыс әкіміне берген есебінде айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаһардағы сақалды құрылыс мәселесі де шешімін табуда. Атап айтсақ, 12 нысанның құрылысы жанданып, бір нысан пайдалануға берілген. «Қызыл» сызық талабын бұзған 47 дүңгіршектің 35-і бұзылған.

Тағы бір маңызды тақырып – бұл қоғамдық көліктің жай-күйі.

— Біз тұрғындарға лас және ыңғайсыз салондардың, кондукторлар мен жүргізушілердің мәдениетсіздігіне қатысты мәселелердің міндетті түрде шешілетініне уәде берген едік. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды ешкім бақылап отырған жоқ. Электрондық билеттендіруді енгізу үдерісі де назардан тыс қалды. Жақсы жобаларды қолға алғанмен, аяғына дейін жеткізу керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев қала әкімдігіне құқық қорғау органдарымен, Төтенше жағдайлар департаментімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп базарлардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық нормалардың сақталуын бақылау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

— Қала тұрғындары мерекелік шаралар өткізіп, қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруде, барлығы карантиндік шараларды ұмытып кетті. Таразда вакцинация көрсеткіші төмен. Сақтық шараларын сақтап, ұжымдық иммунитетті дамыту арқылы ғана біз бұл вирусты жеңе аламыз, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ойдағыдай көңіл бөлінбей отырғандығын алға тартты.

— Жазғы демалыста балалар пайдалы істермен айналысуы керек. Өткен жылы ашылған спорттық-сауықтыру кешендерінің таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуі маңызды, сонда ғана балалар кез келген уақытта ол жерде жаттыға алады, — деді ол.

Егер балалар қадағалаусыз қалса, онда оның арты жақсы болмауы мүмкін.

— Бір ғана мысал. «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанында балалар бассейнде шомылуда. Қауіпті жерлерде велосипед және самокат тебуде. Ешкім оларды бақылап отырған жоқ. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жандандыру қажет, — деді облыс әкімі Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбековке қарата.

Облыс әкімі басқосу барысында жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, «Тектұрмас» кешені аумағында автотұрақтар ұйымдастыру, ыстық су беруді тоқтатпау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмысты күшейтуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

— Кәсіпкерлермен өзара байланыс орнату керек. Олар өз аумақтарын ретке келтіріп, таза ұстауы тиіс, — деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.