Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің егістік алқабына барды. Мұнда жаңбырлатып суары әдісімен егістікті ылғалдандырып отырған кооператив директоры Нуридин Бегмановпен тілдесті.
– «Су – тіршілік нәрі» деп бекер айтылмаған. Қандай дақылға да ең бірінші кезекте су керекӘңгімемді судан бастауымның да өзіндік жөні бар. Жасырары жоқ, соңғы жылдары шілде айында судан тапшылық көріп жүрміз. Енді олай болмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл сайын 100 гектарға қант қызылшасын егіп келеміз. Оның 50 гектары арықпен су ішсе, 50 гектарына тамшылатып суару тәсілін қолданатын едік. Биыл американдық «Bullev» жаңбырлатып суару қондырғысын іске қостық. Жаңбырлатып суару қондырғысы өте қолайлы екен. Бұрынғыдай емес, алқапта арық та жоқ, сушы да жоқ.
Бәрін осы құрылғының өзі атқарады. Бұл қондырғының ең жақсысы 402 метр аумақты 24 сағат бойына суландырып тұрады, яғни әрбір метр сайын орналасқан су шашыратқыш құралдар үнемі айналып тұрады. Округ аумағындағы бұлақтардың суы «Қайрақбай» су тоғанына құйылып, ондағы судың жиынтығы «KELET» су сорғысы арқылы алқап басындағы арнайы орынға құйылады. Одан әрі жаңбырлатып суару қондырғысы алқаптағы өскіндерге нәр бере бастайды. Қондырғыны мына қолыңыздағы телефонмен басқаруға м.мкіндік бар. Алдағы уақытта осындай қондырғыны сатып алуға ниеттіміз. Әрине, ол қымбат тұрады. Мына орнатылған қондырғыға өз есебімізден 73 млн теңге жұмсадық. Шығын шықпай, кіріс кірмейтінін ескерсек, суды қанып ішкен алқап ертең мол өнім беріп, жұмсалған қаржымызды еселеп қайтарады. Бұл қондырғымен 50 гектар қызылшамен қоса 50 гектар жүгеріні де ылғандандырудамыз, – деді шаруашылық басшысы.
Өз кезегінде сөз алған Нұржан Молдиярұлы:
— Жұмысыңызда ілгерілеушілік байқалады. Мұндай технологияны қолданып отырған шаруалар жоқтың қасы. Қажетті құжаттарды өткізіп, жаңбырлату технологиясының субсиядиясын тездетіп қол жеткізіңіз, – деді.
Сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары Қаратөбе ауылдық округіне қарасты құс етін өндіретін «Алел Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фабрикасынның жұмысын көрді.