ZHAMBYLNEWS — Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов бірқатар елді мекенде болып, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын, пилоттық жобаның негізгі критерийлері мен талаптарының орындалуын және ауылшаруашылық өнімдерімен танысты.
Алдымен Нұржан Молдиярұлы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановпен бірге Аса-Бірлесу-Еңбек жолының бойындағы «АСА АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс етін өндіретін фабрикасының құрылысын көрді.
Үш жылға жоспарланған жобаның құны – 8 млрд теңге, жер көлемі – 2,6 гектар. Бүгінде ескі баздарды күрделі жөндеуден өткізіп, фабриканың талаптарына сай жабдықтап жатқаны туралы айтқан серіктестік директоры Төлебай Меңдіоразов желтоқсан айында жылдық жоспар орындалып, 3 нысанның жұмысы толықтай іске қосылатынын да тілге тиек етті.
– Кезінде тауарлы сүт өндіретін фабрика ұзақ жылдар бойы қаңырап, бос тұрған. Шатырлары да ескірген. Бүгін жұмысшылар тартып, кем-кетігін реттеп жатырмыз. Суды тасымалдап әбігерге түспес үшін фабрика маңанан ауыз су мұнарасының құрылысын аяқтадық. Германия мемлекетінен арнайы құрылғыларда келіп жетті. Жыл соңында фабрика алғашқы өнімін бере бастайды. Егер алдағы жоспарымыз сәтті тиянағын табар болса, біз жылына 21 мың тонна құс етін сатылымға шығаратын боламыз. Мұнда алдымен балапан жеткізіледі. Балапанның күтіп-бапталуына 42 күн қажет. Бұл мерзімде құс еті толықтай тарқап, салмақ қосады. Фабриканың әр базына 3 жұмысшыдан есептегенде 9 адам жұмыспен қамтылса, қарауыл, есепші, басқа да жұмысшылардың жалпы саны 15-ке жетеді. Ал 2022 жылы дәл осы жерден 4 баздың құрылысы, кейінгі жылдары Жұма стансасынан фабриканың тағы филиалдары еңсе тіктейтін болады. Осылайша, өндіріс қуатын екі-үш есеге арттыратын боламыз, – деді ол.
Сондай-ақ Төлебай Мырзағұлұлы фабрикаға «көгілдір отын» жеткізу мәселесі өзекті болып тұрғанын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Н.Нұржігітов аудан басшылығына нақты тапсырма жүктеп, мәселенің оңтайлы шешілуіне күш салатынына сендірді.