Т.Рысқұлов ауданында білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

0 14

ZHAMBYLNEWS — Бүгін Т.Рысқұлов ауданында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қатысуымен «БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛДІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ» тақырыбында аудандық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясының пленарлық мәжілісі өтті.

Педагогикалық кеңеске аудандық мәслихат хатшысы Е.Абуталипов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Арыстанбеков, аудан әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Ә.Терлікбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Базарова және білім беру ұйымдарының директорлары мен ұстаздары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, конференцияда  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры Агура Нарегеева «Мұғалімді дамыту — білім берудің стратегиялық ресурсы» атты баяндамасын оқып, 2020-2021 оқу жылында аудан педагогтары тарапынан атқарылған бірқатар нәтижелі жұмыстарымен таныстырды.

Жиында аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы аудандағы білім беру саласында атқарылған жұмыстарды жан-жақты талдап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіпқиындыққа қарамастан оқу жылын жақсы аяқтағаны үшін ұстаздар қауымына алғыс айтты.


Сонымен қатар, пленарлық мәжіліске қатысушылар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер сараланды.

Іс-шара соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтар «Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты», Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.


Айта кетейік, іс-шараға оффлайн және онлайн форматта 100-ден астам педагог, аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.