ЖАМБЫЛҒА КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР САНЫ 100 МЫҢҒА ЖЕТКЕН

0 20

ZHAMBYLNEWS- Бүгінгі таңда облыстың орасан зор туристік әлеуеті бар. Тасын түртсе тарихы көрінетін Тараз шаһары «Қазақстандағы тарихи туризм орталығы» мәртебесіне лайықты түрде ие болып отыр. 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін облысқа келген туристердің жалпы саны жыл сайын орта есеппен 118%-ға өсіп отырған, ал карантиндік шектеулер қойылған кезеңде облысқа келген туристер саны 34,3%-ға азайған. Жалпы Жамбыл облысына жылына 100 мыңға жуық турист келген. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза айтты.

«Өткен жылы облысымызға 94 479 турист ат басын бұрды. Олардың 1 557 шетелдік туристер болса, қалған 92 922-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Ал биылғы жылдың 1-ші тоқсанының нәтижелері бойынша облысқа келушілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,8%-ға артып, 29 270 адамды құрады, оның ішінде 228 шетелдік турист, қалған 29 042-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер», — деді Ж.Мұртаза.

Облыс тұрғындары мен туристерге тартымды тағы бір қызықты туристік нысан, Тараз қаласынан 70 км қашықтықта, теңіз деңгейінен 2 400 метр биіктікте, Батыс Тянь-Шаньның Талас Алатауы, «Каралма» шатқалында орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы кешені. Мұнда туристерге спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтерінің барлық спектрі ұсынылмақ.

«Бүгінгі күні келушілерді жайлы орналастыру және жоғары сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті инфрақұрылым құрылуда. Кешеннің құрылымында ұзындығы 2 050 метрлік арқан жолы, Еуропалық үлгідегі 20 коттедж, 100 орындық қонақ үй, әрқайсысы 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орындық кафе, жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңы, сервис орталықтары, әрқайсысы 100 автомашинаға арналған 2 автотұрақ болады. Кешен аумағында арнайы әзірленген табиғи туристік экскурсиялық соқпақтар бойынша құзға шығу, жаяу, атпен және велосипедпен жүру бағыттары, волейбол, баскетбол және футбол алаңдары, теннис корттары, ашық үлкен және кіші бассейндері бар аквапарк, жазғы амфитеатр, «ашық аспан астындағы» кинотеатрлар және сауда орындары сияқты демалыс пен ойын-сауықтың жазғы түрлері де ұйымдастырылады», — деді басқарма басшысы.

Туризм басқармасы «Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірледі. Бұл бағдарлама бойынша туризм саласын дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту қажет. Бағдарламаның бірінші бағыты осыған арналған. Екінші – туризмнің материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Үшіншісі – жаңа нысандардың құрылысын жандандыруға инвесторларды тарту шараларын әзірлеу. Төртінші мақсат – облыстың туристік брендін республикалық және әлемдік деңгейде танымал ету.

Туризм саласын дамытуға бөлінген қаражат көзі де ауқымды. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 54 млн. 583 мың теңге бөлінген. Оның ішінде іс-шараларға 23 млн. 100 мың теңге, әкімшілік шығыстарға – 31 млн. 483 мың теңге.

Облыстың туризм саласы бойынша 2021-2023 жылдары, жалпы соммасы 18 211 млн. теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 480 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.