Қасіретті жылдар ұмытылмайды

0 10

    Зұлмат жылдар. Зобалаң уақыт. Алапат аштық. Айтуға ауыр, естелігінің өзі есіңді алған тарихтың қиын-қыстау кезеңі. Осыны ұмытпау үшін бүгінгі ұрпақ 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн қазақ тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағанын көрсетеді. Сонау қасіретті жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен  қайраткерлерді еске алып, рухына тағзым ету – болашақ ұрпақтың парызы. Тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған ұлы халықтың  ұлағаты осындай болса керек.

           Еліміз тәуелсіздік алғалы құпия тақырыптарға түрен салынып, өзінің тарихи бағасын алып жатыр. Деректерге көз жүгіртсек, сонау 1928-1953 жылдар аралығында Кеңес одағында 4 миллионға жуық азамат репрессиядан жапа шеккен екен. Ал Қазақстан 103 мың адамынан айрылып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Негізгі тарихшылар саяси қуғын-сүргін үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы 1928 жылғы Алаш қозғалысы өкілдеріне құрық салынған кезден бастау алады. Алды жер аударылды, кейінгі 44 адам тұтқындалып, оның үшеуі атылып кетті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов тағы басқа көптеген азаматтар болды. Оларға жалған айып тағылды.

          Кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қатарында «өзгеше ойлайтын» «Халық жауларынан» басқа, туған жерден жыраққа күштеп көшірілген өзге ұлттың өкілдері де болды. Еліміздің орталық мұрағатының 1937-қорының 70-бумасындағы құжатта 1941 жылдың 2 қазанына дейінгі мəліметте Қазақстанға барлығы 24258 адам жер аударылса, Əулиеата өңіріне 2019 түрлі ұлт өкілі қоныстандырылған екен. Олардың арасында орыстар, украиндар, беларус, еврейлер, поляктар, немістер, латыштар, литвалықтар мен эстондықтар болған. Сол жылғы 18 қарашадағы мəлімет бойынша қазақ жеріне 159 944 адам жер аударылса, оның 10759-ы облысымызға қоныстанған.

Ал осыдан он күннен кейінгі деректе жер аударылғандардың саны 306 376 адамға жетіп, Жамбыл жеріне табан тірегендер саны 18000-ды құрапты. Осы деректің өзі қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру аса қауырт жəне жедел түрде жүзеге асырылғанын көрсетеді. «Бұдан кейін де Ұлы Отан соғысының барлық жылдарында еліміз сияқты өңірге жер аударылғандар қатары күн санап арта түсті» деп жазған өз зерттеулерінде журналист, өлкетанушы, мұрағатшы Мақұлбек Рысдəулет. Мақұлбек ағамыздың «Жамбыл облысы – 75. Жылнама-шежіре» атты тарихи-танымдық кітабында көптеген құнды деректер топтастырылған. Елімізге алғаш болып поляктар 1936 жылдан бастап көшіріле бастағаны және оның көптеген себептері бар екені анық көрсетілген. Ұзақ жылдар бойы беймəлім, құпия болып келген құжат Қазақстан Республикасы орталық мұрағатының 1137-қорында сақтаулы.

        Депортацияланған халықтар ауыр жағдайларды бастан кешті. Қыстың қақаған аязынан ауру-сырқау, өлім-жітім көбейді. Бір түнде ешқандай себебін түсіндірместен жылы төсектен тұрғызып, аш-жалаңаш суық вагонға тоғытып, бұрын естіп-білмеген елге үдере көшіріп жібергенде бір-бірінен көз жазып қалғандар, жолай ауру-сырқаудан көз жұмып, бірі жесір, бірі жетім қалғандар қаншама.

        Біз бұл күні саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ашаршылықта көз жұмғандарды да еске аламыз. Жүгірген аң, ұшқан құсты аулап азық ете алмай сансыраған жұрттың санасы тұманданып, адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқандардың асқан қатыгездікпен жүзеге асырған дүрбелеңі еді бұл. Ресми деректердегі аштықтан қырылғандардың санын айтудың өзі ауыр. Ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ зұлмат жылдардан аман шыққан ұлт үшін ол кезең тарихтың ақтаңдақтары болып қала берері анық.

         Кейінгі ұрпақ бұл кезеңге «Ғасыр зұлматы» деген атау берді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Қалай десек те, зұлматты жылдардың зобалаңы ұмытылмайды!

Жамбыл облысы ҚХА мүшесі,   Әулие-Ата қазақ мәдени орталығының өкілі   Айгүл Кабиева

Leave A Reply

Your email address will not be published.