Атырау облысында белгісіз дерттен жылқылар қырылып жатыр. Құрманғазы ауданының халқы, далада жайылымда жүрген малының өлексесін тауып алуда, деп хабарлайды ZhambylNews ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, кесел төрт түліктің ішінде тек жылқыда кездесіп отыр. Артқы екі аяғынан шойырылып, дем жетпеу – кеселге тап болған жылқылардың бәріне ортақ,- дейді мамандар.
Әзірге нақты диагноз қойылмай отыр. Жергілікті мал дәрігерлері қан ауруы ретінде тіркеп, емдеуде. Дәл қазір 27 жылқы мамандардың бақылауында. Ал қаншасы қырылғаны әлі есептелмеген. Жылқының көбі Хамит каналы бойында жайылады. Екі шақырым аумақта 45 үйір жылқы жүр,- дейді ветеренарлар. Шаруалар дабыл қаққанымен аймақта әлі күнге комиссия құрылмаған.
“Мал жалпы әлсіз. артқы екі аяғынан шойырылады. Сосын тұрып құлайды. Аузын ашады. Демала алмайды. Сойып қараған кезде жүректері, өкпелері ісіңкі ісіп кеткен. Қаны ұйымайды. Қан ауруларына жатады негізгі признактарына бойынша. аудан бойынша комиссия құрылған жоқ”, – дейді Құрманғазы аудандық станциясының басшысы Аслан Бірғалиев.