Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — баршамызға ортақ іс

0 36

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысы «Қазақстан — 2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты туралы мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс екендігін, жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететіндігін және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналатындығын атап көрсеткен еді.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап жемқорлыққа қарсы күресті күн тәртібінен түсірген емес. Жегіқұртты ауыздықтауға деген ынтаның мықтылығынан болар, тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер арасында 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңды алғашқылардың бірі болып қабылдап, қолданысқа енгізген еді. Содан бері еліміздегі сыбайластыққа, парақорлыққа, жемқорлыққа қатысты қылмыстардың бәрі осы құжаттың негізінде реттеліп келді.

Дегенмен, заманның өзгеруі, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды жетілдірудің қажеттілігі жоғарыдағы заңның ескіргенін, қоғам сұранысын ақтай алмай отырғанын көрсетті. Осылайша сыбайлас жемқорлықты жойып, кеселдің алдын алуға мүмкіндік беретін жаңа құжат қабылдау керектігін өмірдің өзі дәлелдеді.

Осы орайда, 2015 жылдың қараша айында көпшілікке ұсынылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда бұдан бұрынғы заңнамада кеткен олқы тұстар түгел дерлік ескерілді. Бұл заңмен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның, Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-і қадамын жүзеге асыруға бағытталғанын да айта кеткен жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда парақорлықты жою, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі.

Жалпы, Елбасы сыбайлас жемқорлықты болдырмау, онымен барынша күресу тек қана құқық органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың міндеті және бұл бүкіл халықтық іс екендігін атап айтқан болатын.

Бұл тұрғыда, жоғарыда аталған Заңның 22-бабында барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдардың өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүргізуге міндетті екендігі көрсетілсе, 23-бабында жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы,

яғни жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шаралар қолданатындығы, әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастыратындығы айқындалған.

Ал, мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлықпен қалай күресуі керек? Әрине, бұл жердегі мақсат жемқорлық көріністеріне ұрынған адамдарды құрықтап, жазалау емес, қазіргі таңдағы негізгі мәселе – кез келген мемлекеттік органдағы мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алуы үшін жасайтын іс-әрекеттері.

Осы орайда ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің этикасына жүгінуіміз керек. Этика дегеніміздің өзі – әр адамның ішкі әдебі. Яғни, кез келген мемлекеттік қызметші жемқорлыққа ұрынбас үшін өзінің ішкі әдебіне сүйенуі тиіс.

Екіншіден, қоғамның, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілікті түсіну қажет.

Үшіншіден, әр адамның ар-абыройы, жеке басының намысы бірінші орында тұруы қажет.

Биылғы жылғы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының тоғызыншы бағытында жемқорлықпен күресті және заңның үстемдігі айтыла отырып, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретіні және осы бағытта көп жұмыстар істеліп жатқандығы көрсетілді.

Бұл дегеніміз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бүкіл халықты жұмылдырудың нақты көрінісі болып отыр.

Қорыта айтқанда, тиімділікке қол жеткізу үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кешендік негізде, яғни мемлекеттік органдар мен қоғамдағы азаматтардың тығыз қарым-қатынасында жүзеге асырылуы тиіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бұқаралық және көпшілік сипатта өткізу керек екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Тараз қаласы әкімі аппараты

мемлекеттік-құқықтық

бөлімше басшысы

сыбайлас жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл мәселелері

бойынша қалалық комиссия мүшесі                                                 Е.Жолбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.