Әлем бойынша күніне 7 мың жаңа туған сәби қайтыс болады

0 2

Жыл сайын әлем бойынша 2,6 млн жаңа туған нәресте өмірінің алғашқы бір айында қайтыс болады. Оның ішінде 1 млн сәби туа салып дүниеден өтеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Forbes басылымына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда әлем бойынша 5 жасқа дейінгі балалар өлімі көрсеткішінің көп бөлігін жаңа туған нәрестелердің өлімі құрап отыр. Мамандардың айтуынша, негізінен, балалар өлімінің алдын алуға болады. Әлем бойынша кез келген сәби өмір сүріп, өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылғаны жөн.

«Қазір біз әлемдегі жаңа туған балалардың барлығы 22 ғасырды өз көздерімен көре алатын дәуірге аяқ бастық. Бірақ, бір өкініштісі, 2018 жылы Швецияда туған бала 2100 жылға дейін өмір сүре алады да, ал Сомалиде туған бала 2075 жылға дейін ғана өмір сүретін болады. Сондықтан біз барлық мемлекеттер мен біздің серіктестерімізді миллиондаған баланың өмірін сақтап қалу үшін күресуге шақырамыз», — дейді ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау бөлімінің басшысы.

Әлем бойынша күніне 7 мың жаңа туған сәби қайтыс болады. Бұл дерек, тіпті, адам шошытады. Ал олардың өліміне себеп болған инфекция, уақытынан ерте туу, босану кезіндегі қиындықтардың алдын алуға болатыны, тіпті, жаныңды ауыртады. ЮНИСЕФ осы статистикалық көрсеткіштерді азайту үшін жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Эфиопиядағы аудандардың бірінде ЮНИСЕФ медициналық орталыққа қолдау білдіріп отыр. Онда әйелдерге, аналарға медициналық қызмет көрсетіліп, жаңа туған сәбидің күтімі туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Сондықтан да болар бұл аудандарда медициналық орындарда босану көрсеткіші соңғы жылдары екі есе өсті.

ЮНИСЕФ мамандары ешбір жаңа туған сәби өмір сүру мүмкіндігінен айырылмау керек деген пікірді ұстанады. ЮНИСЕФ мамандары сондай-ақ, Конго Демократиялық Республикасында да жүкті әйелдерге арнайы семинарлар ұйымдастырып тұрады.

2016 жылы 5 жасқа толмаған 5,6 млн бала қайтыс болса, екі жылдың ішінде бұл көрсеткіштің азайғаны қуантқанымен, жаңа туған балалар арасындағы өлім көрсеткіші әлі төмендемеген. Яғни, соңғы екі жылда қайтыс болған 5 жасқа дейінгі балалардың 46 пайызы жаңа туған сәбилер екенін айта кету керек.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.