Тараз қаласында тиісті талаптарға мүлде сәйкес келмейтін көліктер жолаушы тасымалдап жүр. Бұл – жергілікті полиция қызметінің арнайы алдын-алу іс-шарасы барысында анықталды, деп ZhambylNews.kz хабарлайды.

Рейд кезінде жолаушыларды шамадан тыс тиеп алып, қара түтінді будақтатып, бір-бірімен жарысқан көліктердің біразы көзге түсті. Одан бөлек, кей көліктердің іші лас, тиісті қарапайым ақпараттар ілінбеген.
Тіпті, мүлде жолаушы тасымалдауға жарамсыз болса да, бағыт бойынша жүрген автобустар кездесті. Көлігінің техникалық талаптарға сай емес болғаны аздай, жүргізушілер ұялы телефон қолданып, қауіпсіздікті сақтамайды.

Рейд барысында уақытынан кешіккен, экологиялық, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін тағы бірнеше автобус анықталды.
Ал, тәртіп сақшыларының жедел профилактикалық жұмыстары 11 наурызға дейін жалғасатын болады. Аталған мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген.
Облыс әкімі А.Мырзахметовтың өзі шаһар басшылығына қоғамдық көлік саласындағы мәселелерді реттеу туралы тапсырма берген болатын. Бұл саладағы сапаның жақсаруы мен мәселенің шешілуі – алдағы уақыт еншісінде.