«Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдай алмайтын болды

0 0

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық стадионның жұмысын сынады. Жылыту құбырының қатып, істен шығуына байланысты «Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдай алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Ақтөбенің орталық стадионы жаңа маусымға дайын болмай шықты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының бірлескен комиссиясы стадионды тексеріп, алаңда алғашқы ойынды өткізуге тыйым салды. «Ақтөбе» футбол клубының ұжымымен кездескен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Орталық стадионның жұмысымен танысты. Стадион директоры Асхат Алтыбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары нашар болғандықтан, алаңның жылу беру жүйесі істен шыққан.

«Туындаған мәселені дер уақытында хабардар етпедіңіз және оларды жою үшін қажетті шараларды жасамадыңыз! Егер қажетті жөндеу жұмыстары уақытында өткізілсе, мұндай мәселе болмайтын еді», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Кейін әкім тиісті мемлекеттік органдарға бұл мәселені ерекше бақылауға алуды және оны шешу үшін қажетті шараларды жасауды тапсырды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы демалыс күні «Дельфин», «Шағала» және «Посейдон» бассейндерінің жұмысымен танысты. «Биыл біз балаларды толыққанды дамыту үшін барлық жағдайды жасауға бағытталған ауқымды «Бақытты бала» жобасын жүзеге асырамыз. Сондықтан барлық спорттық және мәдени нысандар күнделікті жұмыс істеуі керек. Балалар мен ересектердің демалыс күндері осы орындарға баруына мүмкіндік жасалуы тиіс», — деді Б.Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.