Облыс орталығындағы саябақтар мен алаңдарды ауқымды түрде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, деп Zhambylnews хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА сілтеме жасап.
Жөндеу жұмыстары ең алдымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» (Победа) саябағынан басталды. Саябақтың атауына сай Екінші дүниежүзілік соғыс, аты аңызға айналған, ерлік жасаған батырлар жайында композициялық ескерткіштер мен нысандар салынуы жоспарланған.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жандос Өмірзақовтың айтуынша, қалпына келтіру жұмыстарына байланысты саябақ келушілер үшін жабылады.
«Саябаққа келушілерді мүсіндер топтамасы қарсы алады», — деді әкім орынбасары. — Содан кейін, Төле би көшесінен осында көшірілетін «Мәңгі алау» мемориалы орналасады. Одан 15 метр қашықтықта Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылады, ол да театр ғимараты алдынан осында ауыстырылады. Ескерткіштің артында Жамбыл облысынан соғыс майданына аттанған барлық 68 мың жамбылдықтардың есімі жазылған «Даңқ Мемориалы» орналасады. Әскери даңқ мұражайын, әскери техника көрмесін салу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, «Жеңіс» саябағы Ұлы Жеңіс тақырыбына арналады».
Бұдан бөлек, саябақ ішінде демалыс аймағы мен саябаққа іргелес жатқан автожол кеңейтілетін болады. Қазыбек би көшесінен «Жеңіс» саябағына қарай велосипед пен жаяу жүгіру жолдарын салу да жоспарда бар.
«Саябақтағы барлық әткеншектер алынып тасталады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, бірқалыптағы әткеншектерді орнатуға арналған байқау жариялаймыз. Жеңген компания өз есебінен орнатып береді », — деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.
«Жеңіс» саябағын қайта жаңарту құны — 370 млн. теңгеге бағаланып отыр. Жөндеу жұмыстары 9- мамыр — Жеңіс күніне орай аяқталады деп күтілуде.
Еске сала кетсек, Таразда бес үлкен жасыл саябақ бар — «Мамыр саябағы» және жүз жылдан астам уақыттан бері бар Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ, Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Химик» және «Жеңіс». «Жеңіс» саябағы 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына орай соғыс және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесінің бастамасымен құрылған.