Алматыда қазақтың көрнекі ақыны Жарасқан Әбдірашевтың 70 жылдығы атап өтілді. Осыған орай Республика сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар, ақынның үзеңгілестері, әріптестері, замандастары, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер қауым белгілі ақында еске алуға жиналды.
Әдеби кеш көрнекі ақынның поэзия әлеміне алғаш қадам басып, Алматыға арман арқалап келген кездегі алғашқы шығармаларын оқудан басталды.
Кеш барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.
«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді деген сөз бар. Өршіл рухты ақын, қазақ поэзиясының хас шебері, аудармашы, сыншы, ұлттық әдебиетке өлшенбес еңбек сіңірген қоғам қайраткері Жарасқан Әбдірашевтың есімі мәңгілік ел есінде. «Дала сенің ұлыңмын» деп ұлтына қызмет етуге ғұмырын арнаған азамат, ақын ұлттық руханиятқа өшпес із қалдырды. Өлеңдерінде лирика мен азаматтық позициясы астасып жатқан Жарасқан Әбдірашевтың поэзиясынан биіктік пен парасаттылық көрініп тұрады. Ұлы дала елінің рухани жаңғыруына ақын шығармаларының беретін тағлымы мол», — делінген Сенат төрағасының құттықтауында.
Кеш барысында жиылған қауымға ән мен күйден шашу шашылды.
Ақынның туған немересі Әбілқайыр Жарасқан өзінің Аңыз күйін орындап берді.
Сонымен қатар, ақынның жас кезіндегі суреттері мен видеоларынан бейнебаян көрсетілді.
Замандастары естеліктерінен құралған бейнекадр көрсетілді.
«Әдебиетке 60 жылдардың аяғында Арал теңізінің дауыл секілді бұрқыратып келген адамдардың бірі — Жарасқан. Ол бірден өз буынының көшбасшысына айналды. Ақындар бұлбұлы Шөмішбай Сариев, Темірхан Медетбек сияқты поэзия қазіргі замандағы ақиықтарына айналған ақындардың көшін Жарасқан бастаған еді. Сол мұзжарғыш мінез Жарасқанның бойында көз жұмғанша сақталған еді», — деді жазушы Нұрлан Оразалин.
Белгілі ақын Жарасқан Әбдірашев 1954-1960 жылдары Ақшатау бөлімшесіндегі бастауыш, Арал қаласындағы Т.Г. Шевченко атындағы орта мектепте оқыған. 1963 жылы «Жақсы қылыш» («Сольтрест») жұмысшылар кентіндегі орта мектептің тоғызыншы сыныбын тамамдап, Қазалы ауылшаруашылық техникумынің механика факультетіне оқуға түскен. 14-15 жасар кезінде Арал аудандық «Толқын», Қазалы аудандық «Ленин туы», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеттерінде тырнақалды өлеңдері, мақала, əңгіме, аудармалары (М.Зощенконың «Қарасу» əңгімесі) жариялана бастады.
1965 жылы Қазақтың (қазіргі əл-Фараби атындағы) Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1969 жылы бітірген. Осы оқу орнының аспирантурасында сырттай оқыған.
10-нан астам поэзиялық кітаптың авторы, «Құлпытас» жинағы Жарасқан Әбдірашев көзі тірісінде өзі дайындап үлгерген соңғы кітабы. Алайда кітап ақын қайтыс болғаннан кейін 2 айдан кейін жарық көрген.
Жарасқан Əбдірашев үнді ақыны Р.Тагордың (1969 жыл), француз ақыны П.Элюардың (1972 жыл) белорус ақыны Я.Купаланың (1982 жыл), палестиналық ақын М.Бсисудың (1981 жыл) таңдамалы өлеңдер жинағын, балалар ақындары К.Чуковскийдің «Дəрігер Айболит», А.Бартоның «Ойыншықтар», «Өсіп келем» сияқты туындыларын аударған. Сондай-ақ, А.Пушкиннің, А.Блоктың, Г.Гейненің таңдамалы өлең кітаптарын аударуға атсалысқан. Сонымен бірге Б.Окуджаваның, Е.Евтушенконың, Р.Рождественскийдің жəне басқалардың шығармаларын тəржімалаған.
Жарасқан Әбдірашевтың атында 2001 жылдан бері Алматы қаласында көше бар. Туған жері Арал қаласында бір көшенің, мектептің аты Жарасқан Әбдірашевтің атымен аталады.
Алматы қалалық Ономастика жөніндегі комиссияның шешімі бойынша Ж.Əбдірашевтың қазақ əдебиетіне сіңірген зор еңбегі ескеріліп, оның соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат