Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында алғаш рет жеміс-жидек бағытындағы агропарк құрылды.
Пилоттық жоба аясында көлемі мың гектар болатын ауқымды бақ пайда болады. Қазір арнайы белгіленген аумақта жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоба толық жүзеге асса, жылына 40 мың тонна экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туады.
«650 гектар алма болады. 100 гектар шие ектік. 100 гектар жүзім болады. Қалғандары – жаңғақ», — дейді агроном Әлтаир Досымбеков.
26 миллиард теңге. Бұл агропаркті жүзеге асыруға осыншама қаржы жұмсалады. Мұндай ірі жоба облыста тұңғыш рет қолға алынып отыр. Қазір инвесторлар тартылып, жеміс-жидек ағаштары шетінен отырғызылып жатыр. Бірінші кезеңде 100 гектар жерге шие көшеттері қондырылды. Келешекте жемістерді өңдейтін зауыт салынып, арнайы қоймалар тұрғызылмақ.
Агрономдар отырғызылған ағаштар келесі жылы өнім бере бастайды дейді. Жуырда Польшадан алманың 8 түрі жеткізіліп, отырғызу жұмыстары басталады. Ерекшелігі гектарынан 50 тоннаға дейін өнім береді. Ал оларды күтіп-баптайтын мамандар шетелге арнайы оқу курстарына жіберілген.
«Жоба толық жүзеге асырылған кезде ауданның 1500-ге жуық жұмыссыздар жұмыспен қамтылатын болады. Жоба 2019 жылы аяқталуға тиіс. 2018 жылы, яғни биылғы жылы барлық мың гектар алқапқа тамшылатып суару қондырғыларын орнататын болады», — дейді Тұрар Рысқұлов ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов.
Бүгінде жобаның 10 пайыз жұмысы бітіп тұр. Мамандар биылғы маусым кезінде 300 гектар ағаш отырғызып үлгереміз деп отыр. Қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Айта кету керек, мұнда жалпы саны екі жарым миллион түп ағаш көшеттері отырғызылады. Ал агропарк 5 жылдан кейін толық қуатта жұмыс істеуге шығады.
Дереккөз: 24.kz