Жамбыл облысында шегірткемен қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Бүгінде Байзақ ауданы бойынша жайылымдық жерлерге шегіртке шабуылына қарсы жұмыстар қолға алынуда. Осыған сәйкес, зиянды жәндікке қарсы препараттар толықтай сатып алынып, қажетті техникалар жұмыс жасап жатыр. Оған республикалық бюджеттен 580 млн теңге қаражат бөлінген.
Кенен Дүйсенбеков, Жамбыл облысының аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
«Байзақ ауданы бойынша 63 мың га жерге дәрілеу жұмыстары жоспарланған. Соның ішінде 30 мың га жер дәріленді. Сондай-ақ, шегірткелер қазір 2 жаста, олар шабуыл жасайтын жасқа жеткен жоқ. Облыс бойынша 10 ауданда «марокколық шегірткеге» қарсы жұмыстар жоспарда бар».
Сонымен қатар, облыстағы аумақтық инспекция өкілдері дәрілеу жұмыстарын 7 серіктестік жүргізіп жатқанын айтты. Әрқайсысы 40 мың гектардан бөліп алған. Биыл бас-аяғы 355 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілмек.
Дулат Сұлтанбек, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:
«Марокколық шегірткемен» күресті сәуір айының 23-і күні бастадық. Алдағы уақытта 20-мамырға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Тағы айта кетерлігі, шегірткелер ең көп шоғырланған аумақ «Көделі» жайлауы болып отыр. Алайда, мұндағы шегірткелер қазіргі таңда залалсыздандырылды. Биыл қара шегірткеден туындайтын ешқандай қауіп жоқ».