Жамбыл облысында дәрілік заттар өндірісімен айналысатын 4 нысан жұмыс істейді
Жамбыл облысында дәрілік заттар өндірісімен айналысатын 4 нысан жұмыс істейді. Олар «Дала-фарм» ЖШС, «Эко-фарм» ЖШС, «Super-parm» ЖШС, «Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу иституты» ШЖҚ-і. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мадина Шиналиева айтты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Мадина Сейділдақызының айтуынша, бүгінде өңірде 365 ауылдық елді мекеннің тұрғындарына дәрілік көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 167 дәріханалық ұйым қызмет көрсетеді, қамту 46% құрайды.
Сондай-ақ, департамент «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен халыққа тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді тоқсан сайын жүргізеді. Бұл бағдарлама медициналық және дәріханалық ұйымдарда әрбір пациенттің мемлекет кепілдігімен берілетін дәрілік заттардың нақты алуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тұрғындарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету 01.01.2018 – 22.08.2018 жылдың кезеңінде 2 490 759 455,55 теңгені құрады.
Департаменттің бастамасымен облыста дәріханалық ұйымдармен тиісті фармацевтикалық тәжірибені міндетті енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыста жұмыс істеп отырған 302 дәріхананың 27-сі бұл бойынша тиісті сертификаттарын алған.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдарға баға белгілеу туралы 4 жақты Меморандумға қол қойылды. Оның аясында дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасының өсуін ұстап тұру, өзара түсіністік және айқындық принциптерін негізге ала отырып, бірлесіп жұмыс істеуі және өзара әрекет етуі үшін өндірістік емес шығыстарды азайту есебінен дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдарға үстеме бағаны төмендету бойынша жұмыстар жасалатын болады.