Сарысу ауданында білім күні қарсаңында Тоғызкент орта мектебінде робототехника кабинеті ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімі Балабек Нарбаев білім күнінде Тоғызкент орта мектебінде болып, оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Қазіргі кезде бұл мектепте химия кабинеті уақыт талабына сай жаңартылған. Облыс бойынша жоғарғы бағаға ие болған мектеп музейі жұмыс істеуде.
Биыл ауданда 8 мыңға жуық оқушы «Алғашқы қоңырау» мерекесіне қатысты. Сондай-ақ, аудандағы білім саласында 1800-ден аса ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында ауданда барлығы 1100 бала мектеп табалдырығын аттады.
Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша осы мектеп түлектерінің орташа баллы — 81,4 болды. Бұл ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, алдағы уақытта Абылайхан атындағы орта мектепті мектеп-лицей етіп құру жоспарлануда.
Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылын 529 сыныпта 8 251 оқушымен бастап, оқу жылын 8219 оқушымен аяқтады. Биылғы оқу жылында аудан мектептерінің 1-сыныптарына барлығы 1100 бала қабылданады деп күтілуде. Ал 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында белгіленген нысаналы индикаторға сәйкес білім сапасы – 67%. Өткен жылы білім сапасы -64,3% болса, биылғы жылы 68,1%-ға жетті. Аудан бойынша берілген межелік көрсеткіш 3,1%-ға артығымен орындалды.
Сонымен қатар, аудандағы Абылай хан атындағы орта мектебін мектеп-лицейі етіп ашу жоспарлануда.
ҰБТ қорытындысы бойынша, биылғы оқу жылында мемлекеттік грантқа – 108 оқушы, ЖОО-98, колледжге-10 оқушы, «Серпін» бағдарламасы бойынша-7 оқушы оқуға түсті. Ол 47,3 пайызды құрайды. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда грантқа түскен түлектер саны 54-ке артқан. Сонымен бірге, барлық білім ордалары интернет желісіне қосылғандығын, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен және аудан әкімінің қолдауымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының базасында «ІТ» сынып ашу жоспарланып отыр.