Рухани жаңғыру үшін ой-сана өзгеруі керек, — деді Әулиеата жеріне үш күндік кездесу өтікізуге келген батыр Бауыржан Момышұлының келіні, журналист Зейнеп Ахметова. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова Әулиеатадағы кездесуін батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден бастады. Одан соң «Баласағұн» ОКЗ-да жамбылдық жұртшылықпен жүздесті. Ұлт пен ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғап, пікір айтты. Батыр Баукең туралы көкейіне түйген өнегелі сөздерін жұртшылыққа жеткізді.
-…Елбасы рухани жаңғыруды өте жақсы көтерді. Байқап қарасам 25 жастан төмен қарайғы жастардың ұлттық құндылықтарды білуге деген құлшынысы өте жоғары. Алайда көбісі соны түсінбей жүр. Беті жалтыраған бір-екі әншіні шақырып кездеседі де рухани жаңғыру дейді. Олай емес. Рухани жаңғыру үшін алдымен ой сана өзгеруі керек. Бала-бақшадан бастап, тіпті бала іште жатқаннан бастап тәрбиелеген. «Іштен қисық туғанды, тезге салсаң түзелмес» деп қазақ бекер айтпаған, — деді абзал жан.
Кездесу барысында Зейнеп Ахметова бала тәрбиесі, ат қою, шілдехана, тұсау кесер, кие туралы тарқата әңгімеледі. Қазіргі тойларда жасалып жатқан батыстық үлгідегі дәстүрден бас тартып, қазақи құндылықтарды дәріптеуге шақырды.
-Қазіргі тойларда неше түрлі нәрсе көресің. Қыздар сыңсу айтудың орнына әкесімен вальс билейді. Қай қазақ қызын билеп жүріп ұзатып еді. Қыздар гүл лақтырады. Артқы жағындағы қыздар сол гүлге таласады. Әкем, шешем отыр деп ұялмайды. Бұл қазақтың ұлттық менталитетіне мүлдем жат нәрсе. Бізде де әдемі дәстүр бар емес пе? Ұзатылған қыз өзінен кейінгі қыздарға үкісін бөліп беріп кеткен. Неге соны тойда жасамасқа, — деді ол.
Кездесуде мұнан өзге батыр Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер , ата-ананы ардақтау жайы сөз болды. Көпшілік көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Пікір алмасып, ой бөлісті. Жиын соңында жазушы, ұлттық ғұрыпты дәріптеуші Зейнеп Ахметова өз ризашылығын жеткізді.
-…Шамам келгенше жүріп-тұруға жарап тұрған кезде қазақтың алдында басымды иемін, қызмет етуден талмаймын. Өйткені, мен атамның аманатын арқалап жүрген жанмын, — деді абзал жан.
Кеш соңында Жамбыл жұртшылығы жазушымен суретке түсіп, қолтаңбасын алды.
Естеріңізге сала кетейік, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу ертең жоғарғы оқу орындарында, одан соң батырдың туған жері Жуалы ауданында жалғасады.