Жамбыл ауданындағы бірқатар нысандардың құрылысы талапқа сай емес

0 3

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Жамбыл ауданындағы бірнеше нысандарды аралап қайтты. Олардың қатарында жақында ашылған кірпіш зауыты мен Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындык мектептің құрылысы, Аса ауылындағы орта мектептің жанындағы қосымша оқыту ғимараты бар, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Іс-шараның мақсаты — Жамбыл ауданында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысып, жөндеу жұмыстарын бақылау.

Алдымен Еркебұлан Әбілханұлы аталған ауданға қарасты Гродеково ауылындағы кірпіш зауытына барды.

-Кірпіш ең алдымен қалыпқа салынып формасы келтірілгеннен кейін кептірілу бөлмесіне қойылады. Кептірілген кірпіштер пештерге қойылып, 3 тәулік бойы 900 градуста күйдіріледі. Сапасы Самарқанд кірпіштерінен кем түспейді, ал бағасы 2 есеге арзан. Барлық талаптарға сай келеді. Тәулігіне 20 мың данасы шығады, осы көрсеткішті 3 ай ішінде көтеріп, 1 айдың көлемінде 1 млн данасын шығаруды көздеп отырмыз. Ал зауытта 15 адам жұмыс жасайды, алдағы уақытта 50 адамды жұмысқа тартуды жоспарға алып отырмыз, – деді өндіріс орнының басшысы Николай Кайнашкин.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындык мектептің құрылысын тексерді. Ағымдағы жылдың сәуірінде нысандағы кұрылыс тоқтап, қырқүйек айында қайта жалғасын тапқан болатын. Кірпіші қаланып қойған құрылыстың бағаны енді құйылып жатыр.

— Тапсырыс берушінің де, техникалық қадағалаушының да жұмысы салғырт. Құрылысты қадағалап жатқан ешкім жоқ. Болашақта балалар оқитын мекеме сейсмикалық нормаларға сәйкес емес, — деді Еркебұлан Дауылбаев.

— Егер, мердігер компания өз жұмысын жасамаса келісімшартты бұзыңыз, құрылыс бөлімдеріңіз өз жұмысын дұрыс жасамайды. Тегін жасалынып жатқан жоқ бұл дүниелер, барлығы өкіметтен бөлінген қаражат. Қыс мезгілінде бетон өз қуаттылығын жоғалтады, жылыту жұмысын жасау қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал Аса ауылындағы Б. Момышұлы атындағы орта мектептің жанындағы ескі интернат ғимаратының жайы бір бөлек. Тозығы жеткен бұл ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына 298 млн. теңге бөлінген.

— Мына ғимараттың астында іргетас жоқ, тастан қаланған. Бұл жерге соншама ақшаны саласыздар, 1 жылдан кейін жарамсыз болып шығады. Бұзып қайта салуға болады сол қаражатқа, — деді Еркебұлан Әбілханұлы

Еркебұлан Дауылбаев жиын соңында аудан әкімі орынбасарларына жіберген қателіктерін саралап, қайтадан тексеріс жүргізіп, мәселелерді шешу жолын қарастыруды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.