Сарысу ауданында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай сауда-саттық жәрмеңкесі өтті. Шараға аудандағы 117 жеке кәсіпкер қатысты,-деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Жаңатас қаласының орталық алаңында төмендетілген бағамен сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға барлығы 117 жеке кәсіпкер қатысты. Жәрмеңке барысында 23,5 тонна ауылшаруашылық өнімдері халыққа тиімді бағамен ұсынылып, 20 тоннадан аса өнім түрлері сатылды.
— Мен 50 жылға жуық Жаңатас қаласында тұрамын. Бұл қаланың қалыптасуынан бастап, дағдарысқа ұшырап қайта түлеген шақтарын көзім көрді. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Жаңатас жыл сайын жаңарып келеді. Бүгінгі Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізіліп отырған жәрмеңкеге ризамыз. Елбасы әрбір қазақстандықтың жанашыры. Біз ол кісіні сыйлаймыз және саясатын қолдаймыз, — дейді Нина Степанова.
Бұдан бөлек, жәрмеңкеде қысқы аяқ киімдер де сөреден табылды. Тіпті қарбызды да сатып алуға болады. Әр келісі-80 теңгеден. Сапалы кеспелер, сүт өнімдері мен балықтың түр-түрі де тұрғындарға ұсынылды.
— Тұңғыш Президент күні ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге разымыз. Өйткені, мұндағы бағалар қолжетімді. Мысалы, мен бүгін балаларым мен немерелеріме қолдың айран-сүтін, қаймағын және жұмыртқа сатып алдым. Бұл бүгінгі үйдегі жанұялық мерекелік дастарханның сәнін келтіреді. Тұңғыш Президент күні мерекесі құтты болсын! Елдің тыныштығы мен бейбіт өмірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі,-дейді зейнеткер Фатима Есенбаева.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде халал дайындалған шұжықтар мен жылқы, сиыр, қой еттері көптеп сатылды. Бағасы да көңілге қонымды.
Заңғар Сейдалиев