Облыстағы 377 елдімекеннің 48 пайызы газдандырылған. Көрсеткішті көтеру үшін өткен жылы құны 43 млрд. теңге құрайтын 84 ауыл-аймақты газдандырудың ЖСҚ әзірленді. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзаxметов дәл қазіргі уақытта өтіп жатқан есеп жиынында айтты, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аймақ басшысы атап көрсеткендей, энергетика саласында балама электр қуатының үлесі жоспардағы 14%-дан асып, 16%-ға жетті.
Электр мен толық қамтамасыз етілмей тұрған Тараздағы 12 және 15 мөлтекаудандардың мәселесі толық шешілді.
«Жылу бойынша тозығы жеткен магистральды желілерді ауыстыруды бастадық. Таразда 3 шақырымнан асатын магистралды желілер ауыстырылды, биылғы жылға 9,3 шақырымын ауыстыруға 7,6 млрд. теңге қарастырылды», — деді облыс әкімі.
Биыл 81 ауыл-аймаққа магистральды газ құбыры құрылысын бастауға 6,1 млрд. теңге бөлінді. Нақтылау кезінде қалып отырған 3 елді мекен де енгізілетін болады.
Жалпы, осы елді мекендерді газдандыру 3 жылға жоспарланып отыр. Нәтижесінде, газдандыру 48% — дан 70% — ға жететін болады.
Ал, халық санымен бұл көрсеткішті 67%-дан 2018 жылдың қорытындысымен 72 пайызға жеткіздік. Ол үшін газы бар елді мекендерде, газды көшеден үйге кіргізу құны қымбат болу себебінен, газға қосылмаған 52 мың адамды газға қостық. Мәселені шешу үшін жұмыстың құнын 2-3 есе төмендеттік, деп атап өтті Асқар Мырзаxметов.