Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне үшінші кандидатты тіркеді

0 3

Амангелді Таспихов президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжатты Орталық сайлау комиссиясына ұсынған. Олар қойылатын талаптарға сай, деп хабарлады ОСК.

Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған президенттікке кандидат Амангелді Таспиховты елдің 15 өңіріндегі (Алматы және Шымкент қалаларынан басқа) 122 770 адам қолдаған. Оның ішіндегі 119 577 қол рас деп танылды. Амангелді Таспиховқа президенттікке кандидат куәлігі табысталды.

Президенттікке кандидатты қолдау үшін қажетті қол саны кемінде 118 140 болуы тиіс.

Амангелді Таспихов кім

Амангелді Таспихов 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – инженер-механик. 1998-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болды. Кейін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарды. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Кезектен тыс президент сайлауы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.

Қазақстан президенттігіне үміткерлер

Мемлекет басшысы болғысы келетін сегіз кандидаттың есімі белгілі болды, олар:

  • Қасым-Жомарт Тоқаев  – Nur Otan партиясынан;
  • Дәния Еспаева – «Ақ жол» партиясынан;
  • Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан коммунистік халық партиясынан;
  • Төлеутай Рақымбеков – «Ауыл» партиясынан;
  • Сәдібек Түгел –»Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен;
  • Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтары федерациясынан;
  • Әміржан Қосанов – «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан;
  • Жұматай Әлиев — «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.