Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруді көздейтін заңды талқылайды.
Айта кетерлігі, 8 қыркүйекте Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтіп, онда бүгінгі отырыстың күн тәртібі бекітілген еді.
Соған сәйкес депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды.
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру, жаңа технологиялар енгізу және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейтін заңды бұған дейін Мәжіліс қабылдаған болатын. Сол кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» қорын қайта ұйымдастыру туралы шешімді іске асыруға бағытталғанын айтты. Заң жобасы аясында Азаматтық және Кәсіпкерлік кодекске, сондай-ақ сегіз бейіндік заңға өзгерту енгізілді. Барлық бастама төрт негізгі бағыт бойынша жүйеленген.
— Бірінші блок Astana Hub және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының функцияларын бір жерге шоғырландыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау шараларын Astana Hub инновациялық кластерлік қорына беру ұсынылады, бұл экожүйенің тиімділігін күшейтеді. Заң жобасының мақсаты – IT саласында жоғары нәтиже көрсеткен Astana Hub үздік тәжірибелерін біріктіру ғана емес, сонымен бірге оны кеңейту, – деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, берілген салық преференцияларының әрбір теңгесіне Astana Hub резиденттері 6,5 теңге түсім, 2,1 теңге экспорт және 1,8 теңге тартылған инвестицияларды қамтамасыз еткен, яғни әрбір қолдау шарасы экономикаға еселі нәтиже береді. Түзету авторлары бұл тәсілді басқа инновациялық салаларда қолдануды және нақты секторға жұмыс құралдарын енгізуді ұсынған. Қалған екі блок ұзақ мерзімді перспективада өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін Astana Hub дербес кластерлік қоры біріккен ұйымын қаржыландыруға, сондай-ақ венчурлық нарықты дамытуға және бірлескен қаржыландырудың тиімділігін бағалауға қатысты.
Бүгінгі таңда 1,5 мыңнан астам IT компания – Astana Hub технопаркінің қатысушысы. Олар Қазақстан бойынша 28 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Оның ішінде Playrix, Mytona, NetCracker және басқа да құны бір миллиард АҚШ долларынан асатын жетекші жаһандық технологиялық компаниялар, сондай-ақ табысты отандық стартаптар – Alaqan биометриялық төлем жүйесі (100 мың пайдаланушы), EdTech CodiPlay стартапы (бүкіл әлем бойынша 600 мектепті қамтиды), блокчейн блокчейнмен басқарылатын смарт тақталарды әзірлеуші Citix (Түркия мен Таяу Шығыс нарығына шықты) және басқа компаниялар бар. 2019-2024 жылдар аралығында технопарк қатысушылары бюджетке 5,5 млрд теңге салық төлеген.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификацияланды.
— Бүгін біз маңызды құжатты – Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Заңын қарастырып отырмыз. Бұл халықаралық ынтымақтастық саласындағы кезекті ғана келісім емес. Бұл – Қазақстан мен Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттердің стратегиялық әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадам. Аталған заңның қабылдануы – инвесторлар үшін ашық, тұрақты және болжамды жағдайларды қалыптастыруға, ұзақмерзімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар бұл құжат тереңірек мағынаға ие – ол халықтарымыз арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің берік негізін қалауға қызмет етеді, — деді келісім бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Амангелді Нұғманов.
Сенатордың атап өтуінше, бұл заң экономиканың барлық саласындағы инвестициялық үдерістерге – мемлекеттік те, жеке сектордағы да инвестицияларға қолдау көрсетуді және оларды қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық акт. Бұл – қос мемлекеттің бизнес қауымдастықтарының мүдделерін қорғау бойынша мемлекетаралық деңгейде алғаш рет нақты кепілдіктер мен міндеттемелерді бекіткен бірегей және маңызды құжат. Сондай-ақ, келісім халықаралық арбитражға қол жеткізу және шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды мәселелерді бекітеді.
Мұнан бөлек, сенаторлар «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады. Аталған хаттама мемлекеттік жобаны іске асыру мерзімдерін нақтылап, бірқатар салық және ұйымдастыру мәселелерін реттеуге бағытталған.
— Хаттамада мынадай негізгі өзгерістер көзделген: ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға ауыстырылады. 2028–2039 жылдар аралығында жылына екі рет емес, үш рет кепілдендірілген ұшыруды жүргізу жоспарланған. «Бәйтерек» акционерлік қоғамына корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер мерзімі 2028 жылдан, яғни жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін 15 жылға дейін ұзартылып отыр. Аталған салық бойынша преференциялар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде қарастырылмағанымен, бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында ұсынылды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырма аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Техникалық және ұшыру кешендері жаңартылып жатыр, — деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Сондай-ақ бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжаттың негізгі мақсаты – жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі капитал деңгейін төмендету және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру.
— Қаралған заң терроризм мен экстремизмді, сондай-ақ, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға бағытталған операцияларға мониторинг жүргізуді күшейтуге арналған. Сонымен қатар қаржылық мониторингке жататын күдікті қызмет туралы ақпаратты беру тәртібі белгіленді. Қылмыстық қаржы айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер енгізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң аталған қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады деп сенеміз, – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар халықты алаңдатқан өзекті мәселелер бойынша Үкіметке депутаттық сауалдарын да жолдады. Мәселен, Ғалиасқар Сарыбаев өз сауалында Жетісу облысындағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға байланысты жедел шешуді талап ететін міндеттерге назар аударды.
— 2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының 7 елді мекенінде, Талдықорған және Текелі қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінгі күні жобалар ішінара жүзеге асырылуда және қосымша қаржыландырусыз жұмыстардың тоқтап қалу қаупі бар, — деді сенатор.
Ал Геннадий Шиповских әлеуметтік желілерде онлайн-казинолар, жалған ұтыс ойындары, күмәнді курстар және басқа да ашық емес қаржылық схемалар арқылы «оңай ақша табу тәсілдерінің» жарнамасы арта түскеніне алаңдаушылық білдірді. Осыған орай сенатор аталған бағыттың қоғамға тигізетін салдарын азайту үшін Үкіметті онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге қатысты жазаны қатаңдатуға шақырды.
— Қазіргі уақытта заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды ұсынамыз. Әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізу керек. Заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізу керек, — деді Геннадий Шиповских.
Алтынбек Нухұлы Қазақстанның ғылымын, өнеркәсібі мен экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, осы салада үлкен ғылыми мұра қалдырған академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдық мерейтойын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізуді, Ақтаудағы университет алдына ескерткіш орнатуды, еңбектерінің көптомдық жинағын шығаруды, оның есімін жаңа мектеп пен көше атауына беріп, онда музей мен ғылыми-ағартушылық орталық ашуды, сондай-ақ академиктің өмірі мен мұрасына арналған халықаралық конференциялар өткізуді ұсынды.