Елорда күніне орай жамбылдық медицина қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

0 10

Елорда күніне орай жамбылдық медициналық қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференц-байланыс режимінде Астана күніне орай мемлекеттік медальдармен және төсбелгілермен марапатталған медицина қызметкерлерімен кездесті.

Бердібек Сапарбаев оларға коронавирус пандемиясымен күрестегі адал және қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.

— Медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесі, табандылығы оларға өз кәсібін қоғамдағы ең беделді мамандықтардың бірі етуге мүмкіндік береді. Сіздердің аса жауапкершілікке толы міндеттеріңіз шыдамдылық пен түсіністікке негізделген. Жүректеріңіз бен жүздеріңіз шексіз мейірім мен жылылулық толы. Коронавирус пандемиясына байланысты сіздер мен  барша әріптестеріңіздің жұмыс жүктемесі еселеніп, шұғыл режимде  еңбек етудесіздер. Гиппократ антына адалдық танытқандарыңыз үшін сіздерге тек алғыс айтамыз! — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев баршаңы Астана күнімен құттықтады.

— Бүгінгі мереке – Қазақстан Республикасының жетістіктерінің жемісі десек артық айтпаймыз. Нұр-Сұлтан қаласы халқымыздың достығы мен бірлігінің кепілі, мемлекеттің жаңаруы мен тәуелсіздіктің нышанына айналды. Елорда – барлық қазақстандықтардың мақтанышы мен мерейі. Осынау мерекеде біз медицина қызметкерлерінің елеулі еңбегін ескерусіз қалдыра алмадық. Еліміздің әрбір тұрғынының дені сау және бақытты ғұмыр кешуін тілейміз. Әр отбасыда амандық орнап, еліміз гүлдене берсін! — деп облыс әкімі тілектестігін білдірді.

Басқосуда 10 медицина қызметкері мемлекеттік ордендермен, медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Атап айтсақ, «Парасат» орденімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова, «Құрмет» орденімен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Елена Пак марапатталды. Ал, «Ерең еңбегі үшін» медаліне жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу жөніндегі облыстық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнара Байдәулетова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист дәрігері  Елеусіз Қайынбаев, облыстық медициналық жедел стансасының аудандар бойынша аға фельдшері Марина Оваченко, облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас медбикесі   Фарида Үсенбаева ие болды.

Сондай-ақ, «Шапағат» медалі ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматолог дәрігері Алмас Әлібеков,  облыстық көпбейінді балалар ауруханасының эпидемиологы Бекболат Кеңесбаевқа табысталды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматологы Дәурен Нарбаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының  инфекционисті Лиза Турганова марапатталды.

— Медицина қызметкерлері ешқашан қолдау мен назардан тыс қалған емес. Біздің жұмысымызды бағалағандарыңызға үлкен рахмет! Бүгінде бүкіл әлем қауіпті вируспен күресуде. Күндіз-түні тер төгіп жатқан әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Оларды ешқандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге бой бермеуде. Дәрігерлер науқастардың  жағдайын жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр деп сенімді түрде айта аламын, — деді Елена Пак.

Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды карантин режимі мен барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Елена Пак коронавируспен ауырып жазылғандарды қазіргі науқастардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қан доноры болуға шақырды.

Ал, Гүлфайра Мырзабекова қазір медицина қызметкерлеріне оңай еместігін атап өтті. Өкінішке орай, күн сайын науқастар саны көбейіп келеді. Эпидемиолог-дәрігер тұрғындардан үйде болуды және отбасылық мерекелерді ұйымдастырмауды өтінді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.