Асар – қазақтың ежелгі дәстүрі, оның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған жақынына көмектесу. Осыған орай Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев асар жобасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралады, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл игі дәстүрді жамбылдықтар қайта жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға арнап үйлер салып беруде. Жамбыл өңірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Сарысу аудандық әкімдігінің бастамасымен және ауылдағы азаматтардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған.
Ағымдағы жылы Сарысу ауданың орталығы Жаңатас қаласында және 7 елді мекендерінде (Саудакент, Жайылма, Ұйым, Ә.Бүркітбаев, Досбол, Тоғызкент, Ұ.Сыздықбайұлы) әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға «Асарлатып үй салу» тәсілімен ауыл тұрғындардың және демеушілер есебінен 5 жаңа жеке тұрғын-үйлердің құрылысы және 3 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.