Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін 6 қазанда елдегі саяси жағдай туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы мемлекет басшысының ақпараттық саясат бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Құрметті отандастар!
Өткен түні кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз қолға алмақ болды. Олар сайлау қорытындысын себеп ретінде пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Олар қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Олар құқық қорғаушыларға бағынбай, медицина қызметкерлерін соққыға жығып, ғимараттарға нұқсан келтірді.
Мен бірде бір азаматтың өміріне қауіп төндірмеу үшін күш құрылымдарына оқ жаудырып, қан төккізбеуді бұйырдым. Әзірге біз жағдайды ушықтырмау үшін барлық шараларды қабылдадық. Мемлекет тыныштығы, қоғам тыныштығы кез келген депутаттық мандаттан бағалы.
Мен Орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтарды әбден тергеп, қажеттілік туындаса, сайлау қорытындысын жоюды ұсындым. Саяси партиялардың көшбасшыларын өз жақтастарын тыныштандырып, оларды жиналған жерлерінен таратуға шақырамын.
Мен өз отандастарымды бейбітшілікті сақтап, арандатушы күштердің үндеуіне құлақ аспауға шақырамын!. Біздің еліміздің бейбітшілігі мен қоғамымыздың қауіпсіздігі – ең маңызды дүние. Мен барлық күштерді еліміздің тағдырын саяси менмендіктен жоғары қойып, құқықтық алаңға оралуға шақырамын!»-делінген мәлімдеме.