Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі.
Осыған орай, Жамбыл ауданы, Аса ауылында «Жас дарындар» форумы өтті — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде өткен шара дарынды оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Форумға қатысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы білім бәсекесінде биік белестерді бағындырып жүрген балаларға алғыс айтты. «Өздеріңіздей ақылды, дарынды жастар көп болса, еліміз алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан көрінері сөзсіз.
«Жаңа Қазақстан — әділетті Қазақстан!» деген мақсатпен, ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата заңымызға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізілмек. Бұл референдумда халық өзінің салмақты сөзін, салиқалы пікірін білдіреді деп сенеміз! Жалпы, ел болашағы жастардың қолында болғандықтан, Сіздерге барлық жағдайлар жасалған.
Сіздер білімді, тәрбиелі және мәдениетті болуларыңызбен ғана егемен еліміздің абыройын асқақтата аласыздар.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау іс-шаралары, білім бәйгелері мен өнер байқаулары сіздер сынды балалардың болашағына үлкен жол ашып отыр. Ауданымыздың атын биік мінберлерде шығарып, абыройын асқақтатып жүрген сіздерге алғыс айтамын. Әр уақытта дендеріңіз сау болып, осындай талпыныспен ұлтымыздың, мемлекетіміздің нұрлы болашағы жолында аянбай еңбек ете беріңіздер. Ақыл да, терең білім де, небір жақсы идея да сіздерде. Сіздер үлкен белестерді бағындырады деп сенеміз.
Лайым жолдарыңыз ақ, мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын,- деді Ерлан Қыдыралыұлы. Шара барысында «Алтын белгі» төсбелгісіне, Үздік аттестатқа үміткер, Елбасы медальінің иегерлері, пәндік олимпиада мен ғылыми жоба жеңімпаздары, жас спортшылар мен жас ақындар, көркем сөз жеңімпаздарына Алғыс хат табыс етіліп, сый-сияпат ұсынылды.
Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.