«Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығы ашылды

0 49

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Қаратау құрылыс-техникалық колледжі базасында жаңа «Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығы ашылды. Бұл бастама білім беру ұйымының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып қана қоймай, студенттердің заманауи технологияларды меңгеруіне және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, колледж ұжымы, әлеуметтік серіктестер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұрбек Әбубекұлы бұл жобаның өңірдегі кәсіптік білім беру сапасын арттыруға қосар үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Автотехнопарк – білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды алаң. Мұнда студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандықтарының қыр-сырын терең меңгере алады.

Сонымен қатар басқарма басшысы қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін білікті педагогтармен қатар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу ортасының маңызы ерекше екенін айтты. Ол колледж ұжымын және студенттерді жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, оның кәсіби білім беруді дамытудағы рөліне тоқталды.

Шара барысында колледждің әлеуметтік серіктесі – «Фортис контракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бекмұрат Байболов сөз алып, мұндай ғылыми-шығармашылық орталықтардың болашақта жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал ететініне сенім білдірді. Оның пікірінше, өндіріс орындары үшін тәжірибелік дағдылары қалыптасқан жастардың еңбек нарығына шығуы аса маңызды.

Салтанатты рәсім аясында аудандық «Talas tynysy» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов пен Бекмұрат Байболов жаңа нысанның лентасын қиып, орталықтың ресми түрде жұмысын бастады.

«Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығында студенттердің сапалы білім алып, кәсіби машықтарын дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи талаптарға сай жабдықталған екі оқу кабинеті бар. Сондай-ақ студенттердің дене шынықтырумен айналысуына арналған арнайы спорт бөлмесі қарастырылған. Практикалық сабақтарды өткізу мақсатында көлік бояу гаражы, автокөліктің жүріс бөлігін тексеру орны, көлік шанағына қызмет көрсететін робот және қозғалтқыш майын ауыстыруға арналған арнайы аймақ жабдықталған. Бұл құрал-жабдықтар студенттердің нақты өндірістік ортаға бейімделуіне және жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Жалпы, Автотехнопарк автокөлік саласы бойынша білім алып жатқан студенттер үшін үлкен тәжірибелік шеберхана қызметін атқарады. Қазіргі таңда Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде «Автокөлік ісі» мамандығы бойынша 52 студент білім алуда. Олар жаңа орталықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кәсіби даярлық деңгейін арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға жол ашады.

Орталықтың жұмысымен танысқан облыстық білім басқармасының басшысы колледж түлектерінің жұмыссыз қалмауы үшін оқу орындарының материалдық-техникалық базасын үнемі жаңартып отыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар әлеуметтік серіктестер санын көбейту арқылы білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы байланысты нығайту маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, мұндай қадамдар жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Осылайша, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде ашылған «Автотехнопарк» ғылыми-шығармашылық орталығы кәсіптік білім беру саласындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл орталық студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақта білікті әрі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.