Даму динамикасы: жетістіктер сараланып, міндеттер айқындалды

0 46

Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтіп, онда ауданның 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты сараланды. Жиын барысында аудан басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар, негізгі салалардағы жетістіктер мен алдағы кезеңге белгіленген міндеттер туралы кеңінен баяндады.

Брифинг барысында Нұрбол Әбдімәжитұлы есепті кезеңде аудан экономикасының негізгі көрсеткіштерінде оң серпін сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік және әлеуметтік салада жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

Аудан экономикасының маңызды салаларының бірі – өнеркәсіп. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 11 млрд 998,8 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 96,6 пайыз деңгейінде орындалған. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2 млрд 532,7 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш аудан экономикасына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де аудан басшылығының тұрақты назарында. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7182 шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға артқан. Ал құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 5 млрд 347,9 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 197,4 пайызға жеткен. Бұл құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты өсім көрсетуде. Қаңтар–сәуір айларында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 4 млрд 757,9 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,4 пайыз болды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шаруаларға көрсетілетін қолдау шаралары жалғасып, ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалуда.

Ауданның болашақтағы экономикалық дамуы инвестициялық жобалармен тығыз байланысты. Қазіргі таңда 2026–2029 жылдар аралығында жалпы құны 315,65 млрд теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 1320 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Солардың қатарында «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы ерекше маңызға ие. Кәсіпорынға индустриялық аймақтан 6 гектар жер бөлініп, натрий цианиді өндірісінің көлемін жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жобаның жалпы құны 25,8 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның өнеркәсіптік әлеуеті арта түседі.

Сонымен қатар «KARATAU LIME» серіктестігі жүзеге асырып жатқан әктас өндіру зауытының құрылысы да өңір экономикасына серпін бермек. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жобаның аясында жылына 150 мың тоннаға дейін әктас өндіру жоспарланған. Бүгінде қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, монтаждау жұмыстары аяқталған. Жоба толық іске қосылған кезде 60-90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында қолға алынған жобалардың бірі – «Құлтай Ата» шаруа қожалығының «ARTAZA» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру кәсіпорны. Құны 850 млн теңге болатын жоба толық іске асқанда жылына 120-360 тонна өнім шығарып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Ал «Зерхат» серіктестігі жылына 1000 тонна өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасын салуда. Құны 336,1 млн теңгені құрайтын жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында аудан әкімі алдағы жылдары жүзеге асырылатын ірі инвестициялық бастамаларға да тоқталды. Соның бірі – «Gazag ENERGY» серіктестігінің құны 87 млрд теңгені құрайтын жобасы. Бұл жоба аясында сары фосфор, глифосат және гексафторфосфат өндірісі жолға қойылады. Жоба толық іске асқанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында «Этно ауыл» жобасын жүзеге асыру көзделген. Құны 100 млн теңге болатын жоба жылына 12 мыңға дейін турист қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл бастама ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Аудан аумағында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Үшарал ауылы маңында швейцариялық «Harvest Group SA» холдингінің құрамындағы «Харвест Агро Холдинг» компаниясы су үнемдеу технологияларын енгізуге негізделген ірі аграрлық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама заманауи агротехнологияларды енгізіп, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында барлық ауылдық округтерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 84 млн теңгені құрайтын 12 жоба ұсынылып, оның ішінде 35,5 млн теңгеге 5 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бағытында 876 млн теңгеге 8 кооператив ұсынылған. Бүгінде Көктал ауылындағы «ARTAZA» ауыл шаруашылығы кооперативі мен Бостандық ауылындағы «Агрохолдинг Талас» кооперативі қаржыландырылып, өз жұмыстарын бастады.

Инфрақұрылымды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жуық арада аудан халқы толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Сонымен бірге жол жөндеу, газдандыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік салада да маңызды жобалар қолға алынған. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы ретте аудан басшысы Үшарал ауылындағы мәдениет үйі ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының рухани-мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ.

Брифинг соңында Нұрбол Жүнісбеков алдағы кезеңде ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Жалпы алғанда, Талас ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалап отыр. Инвестициялық белсенділіктің артуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы, кәсіпкерліктің дамуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы ауданның даму қарқынын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.