Сарысу ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынды

0 42
31 мамыр – Қазақстан халқы үшін санадан өшпес қаралы күн. Алаш арыстарына, ашаршылықтың құрбанына айналған сан миллион адамзаттың рухына тағзым етіп, еске алу күні. Осыған орай Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов сұрапыл уақыттың зардаптарына тоқталып, Сарысу топырағынан шыққан Әшір Бүркітбаев, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхаммед Әділов сияқты ел ардақтыларының есімі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс екенін жеткізді.
Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков қасіретті уақыт құрбандарының ұмытылмайтынын, қазақ даласының шеккен зардабын айтып өтті.
Жиын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үсіздікпен еске алып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.
Еске алу рәсімі Саудакент ауылында да өтіп, аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы зобалаң жылдардың құрбаны болған қоғам қайраткерлерінің тағдырына тоқталып, халқымыздың бастан өткерген адам төзгісіз қиындықтарын айтып, елімізде тыныштық болуын тіледі.
Еске алу рәсімінде Басие Абдрахманов, Алтын Досжанова ата-апаларымыз сол заманда аталары көрген қиындықты айтып, бейбіт уақыттың қадірін білуге шақырды.
Шара соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтасына гүл шоқтары салтанатты рәсіммен қойылды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.