Сарысу ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік шара таңғы сағат 9-да орталық алаңда сарысулықтарды салауатты өмір салтын берік ұстануға шақыратын ұзақтығы 3 шақырымға созылған марафон жарысынан басталды.
Содан соң, мереке құрметіне әрі өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында көк туларды желбірете көтерген автокөлік шеруі Жаңатас қаласының орталық көшелерімен жүріп өтті.
Бұдан кейін, сағат 11.00-де орталық алаңда орналасқан тұғырға үлкен Ту салтанатты жағдайда көтеріліп, аудан тұрғындарының, мекеме қызметкерлерінің қатысумен Әнұран шырқалды.
Орталық алаңға жиналған көпшілікті мерекемен аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов құттықтады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздарының әуелете шырқаған патриоттық әндері көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.