Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен митинг өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ш.Уәлиханов ескерткішінің алдында «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз» атты ұранмен ұйымдастырылған рұқсат етілген митингке 2-3 мыңға жуық адам жиналды.
Олардың арасында партия және қоғам белсенділері, Мәжіліс депутаттары, кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, жастар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары бар.
Жиында Amanat партиясының мүшелері мен депутаттар «Жаңа Қазақстанды құру» жөнінде сөз сөйледі. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайров Қазақстан халқын елімізді өркендету жолында бірге болуға шақырды.
Ал депутат Жанарбек Әшімжан қаралы қаңтар кезінде халықты отқа итергендерді айыптап, Жаңа Қазақстанды құруға жұмыла күш салу қажеттігін айтты.
«Бір күн ұрыс болған жерде – қырық күн ырыс болмайды» деген сөз бар. Күні кеше көңілді толқытқан Қаңтар қасіреті бізді жаңа үлгіге бастау керек. Сол күндері барлығымызды сүріндіріп, көзімізге жас келтірген жағдай кімнің қолымен жасалды, кімдер үшін жасалды? Мұның барлығы жаңаруға, жасампаздыққа, трансформацияға көшкен қазақ қоғамын көре алмай, соған кедергі келтіру үшін жасалған қадамдар. Сол күндері Amanat партиясы фракциясының мүшелері сизоларда болып, қамалғандардың, қара жамылған адамдардың жағдайымен танысып оларды елге, тиісті органдардың алдына жеткізуге күш салды, – деді ол.